МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ НЕ СЕБЕПТІ ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ?

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 121,9 пайызды құрап, өңір республикада 1-орынға шықты. Бұл туралы 2026 жылғы 16 қыркүйекте өткен сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.

Маңызды жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби аудандарының әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовтің төрағалығымен өткен сессияның күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 20 маңызды мәселе енгізілді. Жиында облыс әкімінің, облыстық ветеринария, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшыларының есептері тыңдалып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.

Сонымен қатар Қазығұрт, Түлкібас және Төлеби аудандарының әкімдері аудандарға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражат туралы баяндады. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізіліп, тиісті тәртіппен бекітілді.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылап, маңызды шешімдерді қолдаған мәслихат депутаттарына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қабылданған шешімдердің өңірдің өркендеуіне, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

Сессияның күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты қарастырып, қолдау білдіргендері үшін облыс әкімі депутаттарға ризашылығын білдірді. Қабылданған шешімдер облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға бағытталған. Бөлінген әрбір бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуі қатаң бақылауда болатынын айтты.

Нұралхан Көшеров: 

Бірлескен жұмыстың арқасында жыл басынан бері қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республикада тұрақты түрде көш бастап келеміз. Биылғы 8 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 121,9 пайызды құрап, облысымыз республикада 1-орынға шықты. Бұл – жүйелі жұмыстың және өңірдің әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Біз осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра түсуіміз қажет. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен зор денсаулық тілеймін! – деді.

Жиын барысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне басымдық берілді. Қаралған 20 мәселе бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия соңында халық қалаулылары өңірде орын алып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, облыс әкімдігінің атқарған жұмысына оң бағаларын берді. Қабылданған шешімдер облыстың алдағы даму бағыттарын айқындап, бірлескен жұмысты жалғастыруға негіз болды.