МЕН БІЛЕТІН МӘСЛИХАТ

Қазақ даласында сайлау үрдісі ертеректе қалыптасқан. Халқымыз хан, болыс, билерін сайлаған. Ал, депутат сайлауы 1906 жылы мемлекеттік Думаға депутат сайлаудан басталған. Өмірі 72-ақ күнге созылған Думада бес жүздей депутат болған. Саяси науқаннан қазақтарда шет қалмай, Алаш зиялыларының біразы сайланған еді. Патша өкіметі құлап, социалистік кеңес өкіметі орнап саяси қуғын-сүргін болса да депутаттық үрдіс үзілмеді. Арыстандай айбатты Алаш зиялыларының орнына қызыл империяға қарсы тұра бермейтін қазақ азаматтары жүрде. Ал, еліміз егемендік алған соң, қос палаталы Парламент, тіпті жер-жерде мәслихат сайлауы да болды. Содан бері сайлаудың түрі көбейіп «қайдан келесің, сайлаудан келеміннің» кері келді…

Қазақстанның өз алдына егемен ел болып, шекарасы шегенделіп мемлекет ретінде қалыптасақанына 33 жылдан асты. Осы уақыт аралағында сайлау жүйесі бірнеше рет өзгерді. Президент, Парламент, мәслихат сайлаулары тұрақты өткізілетін болды. Парламент пен мәслихаттың құрылымы да, депутаттардың атқаратын функциясы бекітілді. Десе де түптеп келгенде атқарушы билік пен депутаттардың міндетіне халыққа қызмет ету кіреді.

… Ал, мен білетін мәслихатты өзімнің көзім көргендей етіп баяндауды жөн санадым. Биыл мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толды. Мен екі мыңыншы жылдан бері депутаттармен тығыз байланыста жұмыс істеп келемін. Ол кезде қазіргі «Оңтүстік» телеарнасы «Қазақстан-Шымкент» деп аталатын. Бастық журналист Қалыбек Атжан әрі облыстық мәслихаттың депутаты еді. Журналистер арасынан біреу депутат болса, «сөзімізді сөйлейтін тіреу пайда болды ғой»,- деп қуанатын ек. Содан бері журналистер мәслихат пен Парламент депутаты мандатына ие болып келеді. Телеарнада облыстық мәслихат тынысымен жұртшылықты хабардар ету әрі депутаттарды дәріптеу үшін «Серт пен сенім» атты арнайы бағдарлама аштық. Оны мен жүргіздім. Соның арқасында Оңтүстіктің түк-түкпіріне шейін шарлап шықтық. Ол кезде облыстық мәслихатты мемлекет қайраткері Шалатай Мырзахметов ағамыз басқаратын. Ол кезде небір «сен тұр мен атайын» дейтін депуттар көп еді. Атап айтсақ, Аманулла Раманқұлов, Ережеп Қанаев, Анарбек Орман, Әбілқасым Досболов, Уәлихан Бишімбаев, Бекмолда Жұмабаев, Қайрат Сапарбаев, Нұралы Әбіш, Тұрсынбек Асанов, Рақым Тәңірбергенов, Абай Көмекбаев, Мұхтар Оразәлиев, Өмірзақ Мелдеханов, Лесбек Тәшімов, Серік Пірәлиев, Нұрлан Құралов сияқты өзге де мықты, жүрегі түкті депутаттар болды. Тұрақты комиссия отырыстары да, кезекті, кезектен тыс сессия да бәрі тартысты өтетін. Оның бәрі кім үшін? Әлбетте, сайлаушы халықтың игілігі үшін еді. Ол кездерде қазіргідей қазынада көл-көсір қаржы жоқ. Жоқтан бар құрап, барлық сала ептеп аяққа тұрып келе жатқан уақыт еді. Бюджеттің қаржысы бәріне бірдей жетпесе де, әркім көрпені өзіне қарай тартқылайтын. Әйтеуір кезек-кезегімен ауыл аймақтардың мәселесі депутаттардың араласуымен шешіліп жатты. Ол кезде жұмыс істемейтіні аз, депутаттық мандатқа асқан жауапкершілікпен қарайтыны көп болатын. Әкімшіліктен жеңіліп қалса «депутаттардың жүні жығылып қалды» деп қамшылап қоятын ек. Ондағы мақсат депутаттарымыз сайлаушыларының алдында абыройға бөленсін деген ізгі ниет. Сол мен көрген кезеңде мәслихатты басқарған Шалатай Мырзахметов ағамыз әкімдік пен мәслихаттың арасында алтын көпір орнатты. Екі жақ істің бәрін келісіп пішіп, ел үшін ортақ қызмет ететін жағдайға жетті. Сонда жергілікті бюджеттен бөлек республикалық бюджеттен бөлінетін трансфертке талас туатын. Өйткені бір ауылға мектеп, бір ауылға жол, бір елді-мекенге су жеткізу керек дегендей. Су дегеннен шығады. Сол кезде республика бойынша алғаш рет «Таза су» бағдарламасы Оңтүстік Қазақстан облысында әзірленіп жүзеге асырыла бастады. Игі істің басы-қасында облыс депутаттары жүрді. Нәтижесінде қаншама ауылдағы ағайынға таза ауыз суға қарық болды. Осының бәрі екі жақты ынтымақтың арқасында жүзеге асырылды.

Мәслихат төрағасы Шалатай Мырзахметовтің көрегенділігі облыс депутаттары мен аудандық мәслихат депутаттарының ауызбіршілігін артты. Сол жылдары Республика бойынша мәслихат депутаттарының арасында ынтымақтастық орнату үшін біздің депутаттар ықпалдастық танытты. Сөйтіп өзге аймақтардың облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының басын үш жүздің басы біріккен Ордабасыда қосқаны бар. Елуден аса делегат әрі тәжірибе алмасып, әрі тарихи орындарды аралады. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаттарының ұйымдастыруымен алғаш рет республикалық деңгейде өткен келелі кеңес, ынтымақтастық кездесуге өзге аймақтардан келген әріптестері оң бағалады. Облыстық мәслихатты жоғары дәрежеде басқарған Шалатай Мырзахметов ағамызды мәслихаттың 30 жылдығымен құттықтаудың сәті түсті. Ағамыз өзінің текетіресті естеліктерімен де бөлісті.

« — Мен Отырар ауданының әкімі болып жүргенде облыс әкімі Болат Жылқышиев облыстық мәслихатқа хатшы болуға шақырды. Әкім ретінде бастаған жұмыстардың ең болмағанда 70 пайызға дейін аяқталғанша күтуді сұрандым. Ақыры ішкі тұрақтылық үшін мәслихат сайлауына түсіп, төрағасы болып сайландым. Бір жарым жылдың айналасында Болат Жылқышиевпен түсінісіп, сыйластықта жұмыс істедік. Күндердің күнінде облыс билігі ауысып, Өмірзақ Шөкеев деген азамат әкім болды. Бір күні ол «бюджетті бөлу керек» деді. Мен оған «Мен жалғыз шешпеймін, депутаттармен ақылдасу керек қой» дедім. Ол «кто они такие депутаты. Как мы скажем так будет»,- деді. Мен де мінезсіз емеспін: «Егер олай десеңіз, қатты қателесесіз. Егер пиғылыңыз осындай болса, онда көрерсіз кезінде» дедім де, жөніме кете бардым. Оның Мамытбеков деген орынбасары болған. Ол да өзі сияқты аудан орынбасарларын шақырып алып ананы үйтеміз, мынаны бүйтеміз десе керек. Сонда олар «жарайды, оны өзіміз шешпейміз, ауылға барған соң, мәслихатқа салып шешеміз» десе, әлгі де «Кто они такие депутаты» депті. Бұл әңгіме бүкіл елге тарап кетіп, шу шыққан. Сосын мен депутаттарға «Жарайды, енді жігіттер. Біз халыққа қызмет етуге міндеттіміз. Өз жұмысымызды заң аясында істей берейік. Қалғанын көре жатармыз» деп сабырға шақырдым. Арада ай өтпей жатып, әкімдік алдағы жылдың бюджетін бекітуге келді. Біздің депутаттар түп-тамырына шейін тексерді де, олардың жоспарын кәдеге жаратпай тастады. Ол бір ерегіскендіктен емес, әр депутаттың өзі сайланған ауылдарға арнаған жобалары бар. Оларды сызып тастап, тек өздерінің жоспарын алға тартқандарына ашуланды. Сессиядан да өтпей қалды. Осылайша 3 рет қайтарып жібердік. Сонда Мамытбеков «Шәке, осымен алдыңызға үшінші рет келдім. Үш мектептен өткендей сабақ алдым. Бұның басқа шешетін жолы жоқ па?» деді. Ол кезде облыстық бюджеттен бөлек, республикалық трансферттерді бөлу керек болатын. Сондағы бөлісе алмай жатқанымыз 12 млрд теңге. Сөйтіп, сол қаржының 6 млрдын әкімшілік, 6 млрдын депутаттар бөлсін, сонда әділдік болатынын айттым. Ол: «- Оны мен шешпеймін, әкім шешеді, әкімге барсаңызшы»,- деді. Мен бармайтынымды айтып: «- Ол өзінің, мен өзімнің жұмысымды істеп жатырмын. Шақырса барам, шақырмаса бармаймын»,- дедім. Содан кешке шақырды. Өзінің отырған креслосымен менің мысымды басқысы келді. Әкем айтатын «еш уақытта ешкімнің сөзін бөлмей, әуелі тыңдап ал» деп. Содан сөзін аяқтап болған соң, мен оған:»- Дұрыс, сіз Президенттің өкілісіз. Сіздің айтқаныңызды екі етпейміз. Бірақ сол депутаттардың бәрін халық сайлаған. Керек десеңіз, сіз айтып отырған Президентті де халық сайлаған. Депутаттарды халық сайлаған. Олардың әрқайсысы өзінше Президент. Өйткені сізді Президент сайлаған соң, бастығыңыз Президент. Ал, олардың бастығы — халық. Мен оларға бастық емеспін. Енді мен сізге мәслихаттың хатшысы емес, жасы үлкен аға ретінде ақыл айтайын. Сіз осы күйінде депутаттармен текетіресіп кете берсеңіз, азар болса Сенатқа айтып мәслихатты таратарсыз. Бірақ осы 50 депутаттың 37-сі қайта сайланады. Өйткені елдің ортасында абыройы бар азаматтар. Олар бәрібір өткізбейді, ертең. Екінші жолы мәслихатты таратпайсыз. Ол кезде өзіңіз жұмыстан кетесіз. Осы керек пе, сізге?»,- дедім. «Енді оны қалай шешеміз?»,- деді. «Кешегі ақшаны екі жақ тең бөлсін. Олар ол ақшаны қалтасына салмайды. Сол өзінің еліндегі ең өзекті жерге қояды. Есесіне кім шешті, әкім шешті деген атқа қаласыз»,- дедім. Содан не керек сол ақшаны елдің игілігі үшін екі жақ бірге бөліп бердік. Шөкеевтің азаматтығы мен көрегендігі, іскерлігі мықты, түсінігі мол, өте саясаткер екен. Өзімбілермендікке салмай, уәжге тоқтап, кісілік танытты. Сөйтіп түсінісіп жұмыс істеп кеттік. Жылына төрт сессия өтсе, содан кейін әкімшілік пен мәслихат бірігіп шәй ішетін дәрежеге жеттік. Әкім Премьер-Министрге облыста мықты мәслихат қалыптасқанын, депутаттардың іскерлігін айтып, жоғары бағалағанын да ұмытпаймыз»,- деді.

Шалатай Мырзахметов 2003 жылдан 2007 жылға дейін, яғни ІІІ-шақырылымдағы облыстық мәслихатты басқарды. Еңбегі еленіп, Мәжілістің мандатына лайықты деп танылды. Облыста басшылық ауысқан соң, бәріміз де бет-бетімізбен кеттік. Бәрібір өңірдің тыныс-тіршілігінен хабар алып тұратынбыз.

Мен сол мәслихатты дұрыс басқара білген азаматтар мен олардың кезіндегі депуттатық корпустың жұмысына тоқталғым келді. Қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев мырзаның кезінде де облыстық мәслихат дүркіреп тұрды. Депутаттардың көпшілігі алдыңғы шақырылымдардан келе жатқан азаматтар еді. Халықтың сенімін ақтағандар қайта сайланатын уақыт қой. Шымкент қаласы өз алдына мегаполис болып құрылып, Түркістан облысы бөлініп шыққан тұста Қайрат Рахымұлы мәслихаттың тізгінін ұстаған. Негізі депутаттардың атқарушы биліктің емес, халықтың сөзін көбірек сөйлеп, адалынан қызмет еткендері жақсы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент пен мәслихатқа сенім артады. Сол себепті күшті — Президент, ықпалды – Парламент, есеп беретін – Үкімет, халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатыр. Өйткені депутаттар халықтың сеніп сайлаған сенімді уәкілдері. Бұқараның өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады. Мықты мәслихаттар өңірлердегі өзекті мәселелердің оң шешімін табуына және аймақтардың тұрмыс-халін жақсартуға әсер етуі тиіс. Олардың қоғамдағы рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін де «мәслихат төрағасы» лауазымы енгізілді. Бұл ұсынысты заңдастыруға қарекет еткен Қайрат Балабиев болатын.

«Хатшы» дегенді біреулер дұрыс түсінбейтін. Сондықтан мәслихаттың рөлін арттыру үшін «Төраға» деп атауды заңға енгізуді ұсындым. Сенатта өткен бір отырыста баяндама оқып, бұдан басқа да ұсыныстар жасадым. Мәслихатта тұрақты комиссиялар бар. Сол бюджеттік және әлеуметтік салаға жауапты тұрақты комиссия тұрақты негізде жұмыс істеуі үшін штат бекітіп бердік. Қызмет тұрақты болса, жұмыс тиянаты болады. Мәслихат төрағасының еңбекақысын реттедік. Тек аяқталмай қалған бір мәселе есеп комиссиясын қайта іске қосу болды. Бұрын мәслихатта ревизорлық құзырет болғанда, бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап, атқарушы биліктен есебін талап ете алатын. Ал, біраздан бері ондай комиссия жойылған. Соның кесірінен бюджеттің атқарылуын бақылау мүмкін болмай келеді. Бұрындары VI- шақырылымда депутаттар бір мандатты, VII- шақырылымда партиялық тізіммен сайланды. Ал, VIII — шақырылымда облыстық мәслихат депутаттары 50/50 болды. Аудандық мәслихаттар бір мандаттық, Мәжіліс 30/70 болды. Негізі облыстық мәслихат депутаттары 100 пайыз бір мандатты округтан сайланғаны дұрыс. Себебі, олар сайланар алдында халыққа уәде береді. Сайланған соң есеп беретін, абыройға жұмыс істейтін болады»,- дейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау жүйесіне өзгерістер енгізуі дер кезінде жасалған қадам болды. Халқымыз сайлауға сенуден қалған-ды. Бір мандатты округтан сайлау тәртібі оң нәтиже бере бастады. Депутаттар арасында бәсекелестік орнап, ел мәселесін шешуге ынтасын арттырып келеді. Мемлекет басшысы облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгертуді көздеді. Бұл мәслихаттардың ықпалын барынша күшейтеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, мәслихатқа бюджет қаржысын бөлумен қатар орындалуын қадағалау мен есебін алу құзыретін қайтару қажет. Ревизорлық міндет бар кезде мәслихаттың расында да бәсі биік болатын. Бәрінен бұрын ауылдарда көптеген мәселенің оң шешімін табуы септігін тигізетін еді. Көз көргендердің қатарында келе жатқан депутаттың бірі, қазіргі облыстық мәслихат төрағасы – Нұралы Әбіш. Депутаттықтан бас тартса да, бетке ұстар азаматын додаға ұсына береді, сайлаушылары. Бір сұхбатында сайлауға өздігінен қатыспайтынын айтқан еді. Өйткені «сайлаушыларымның алдында тек газ мәселесін шеше алмағаным үшін ұяламын» дегені бар еді. Жалпы өзі сайланған округте атқарған игі істері баршылық. Бармаймын деген жерін қайта басып, облыстық мәслихаттың төрінен бір-ақ шықты.  Мақташылардың субсидия мәселесін заңмен шегелеу үшін облыстық мәслихат Парламентке ұсыныс етіп жолдады. Аудандарға сапарлатып халықтан жиған-терген талап-тілектерді жіпке тізіп, шетінен шешілуіне септігі тиіп келеді.

Жалпы қазіргі мәслихат депутаттарының көпшілігі бизнес өкілдері. Тұрақты комиссия отырыстарында бюджеттің дұрыс бөлінуін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек депутаттардың қайырымдылыққа бет бұрып, бірі үй салып, енді бірі ауылдық ауруханаға ИВЛ аппараттарын тарту етіп халықты қуантып жатыр. Бұл шақырылымда алғаш рет депутаттық мандатқа ие болған мықты азаматтар бар. Әбден ысылған Дулат Әбіш, Бекарыс Шойбеков, Баймахан Сүлейменов, Мағауия Тұрысбеков, Нұржан Әшірәлі, Ғани Райымбек сынды депутаттар тұрғанда, мәслихаттың мерейі үстем болатынына сенеміз.

Тұрақты комиссиялардың көшпелі отырысын ұйымдастырып, сайлаушылардың алдында мәселелерді ортаға салып жүргендері құптарлық. Көп жерлерде өзінің депутатын танымайтын жұрт жетерлік. Сайланып алған соң, ауылға ат ізін салмай кеткен депутат сенімнен айырылады. Ал, облыстық мәслихат депутаттары тыным таппай, ел ішінде жүр. Бұл да болса мәслихат төрағасының игі істерге бастай білетін, ізгі қадамдары.

Мен білетін мәслихат мықты, депутаттары ел үшін еңбегін аямайтын азаматтардан құралған еді. Мәслихат депутаттарының баршасын 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сәттілік серік болып, «халық қалаулысы» деген абырой биігін сақтауларына тілектестік білдіреміз!

Мөлдір Нұрман