ШЕГІРТКЕ ОШАҒЫН КӨРСЕҢІЗ, ЖЕДЕЛ ХАБАР БЕРІҢІЗ

Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен штаб отырысында қаралып, өңірдегі фитосанитариялық жағдай сараланды.

Болжам орталығының деректеріне сәйкес, бүгінгі күнге дейін 53,3 мың гектар жер зерттелген. Зерттеу нәтижесінде Келес ауданында – 7442 гектар, Арыс қаласы аумағында – 1942 гектар, Сарыағаш ауданында – 3122 гектар, Қазығұрт ауданында – 80 гектар алқапта шегіртке дернәсілдерінің экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Зиянкестердің белсенді ошақтары Сарыағаш ауданындағы 17 секторда, Арыс қаласында 12 секторда және Келес ауданында 19 секторда тіркелген.

Жиында мобильді топ жетекшілері қолданылып жатқан техникаларға жүргізілген түгендеу қорытындыларын баяндады. Қазіргі таңда 228 техника химиялық өңдеу жұмыстарына, ал 18 арнайы көлік су тасымалдауға жұмылдырылған. Сонымен қатар, анықтаушылар саны мен олардың атқарған жұмыстарының көрсеткіштері талданып, өңделген алқаптардағы препараттардың тиімділігіне бақылау жүргізілгені айтылды.

🔹 Нұрбол Тұрашбеков жауапты тұлғаларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Бұдан бөлек, 21, 22, 31, 32 және 33 секторларда жұмыс істейтін анықтаушылар санын арттыру қажеттігін атап өтті. Мердігер ұйымдарға барлық техниканы толық көлемде жұмылдыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

«Шаруалармен өзара іс-қимылды күшейту қажет. Әрбір тұрғын зиянкес ошағын анықтаған жағдайда қайда хабарласу керектігін нақты білуі тиіс. Бұл бағытта жеделдік пен бірлескен әрекет аса маңызды», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Қазіргі таңда Келес ауданы мен Арыс қаласында арнайы штабтар құрылып, жұмыстарды үйлестіруде. Осыған байланысты, тұрғындардан шегіртке ошақтарын байқаған жағдайда дереу жергілікті атқарушы органдарға хабарлау сұралады.