ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

Түркістан қаласында облыстық «Ардагерлер ұйымының» ІХ конференциясы ұйымдастырылып, оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, өңір басшылығы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ауқымды жиында ардагерлер қозғалысының өңірдегі рөлі мен алдағы бағыттары кеңінен талқыланды.

Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов, «Amanat» партиясының өңірлік филиал жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев, сондай-ақ іскер топ пен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары ардагерлердің қоғам өміріндегі маңызын атап өтіп, олардың ел бірлігін нығайтудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ардагерлерге қатысты айтқан пікірлері еске алынып, аға буынның тәжірибесі мен тәлімінің ел дамуы үшін аса құнды екені жеткізілді.

Конференцияда өңірде ардагерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өмір сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ардагерлер ұйымының үлесі ерекше екені атап өтілді.

Іс-шара «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының І пленумына ұласып, оның барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Жеңісбек Мәуленқұлов қайта сайланды.

Пленумда ұйымның орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы жаңа басшыны құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі.

Айта кетейік, өңірде зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста 200 мыңнан астам зейнеткер бар. Ардагерлерге арналған сауықтыру және оңалту шаралары аясында арнайы орталықтар қызмет көрсетуде. Өткен жылы мыңдаған азамат осы қызметтермен қамтылып, биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Сондай-ақ облыс аумағында «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары тұрақты жұмыс істеп, егде жастағы азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары ардагерлер ұйымының қоғамдық тұрақтылықты нығайту, мәдени жобаларды жүзеге асыру және жастармен сабақтастықты дамытудағы үлесін атап өтіп, жаңа төрағаға және ұйым мүшелеріне алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.