ПРЕЗИДЕНТ САПАРЫ: ЦИФРЛАНДЫРУ, ӨНДІРІС ЖӘНЕ ТАРИХИ МҰРА САБАҚТАСТЫҒЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Бұхара қаласына жасаған бейресми сапары аясында бірқатар маңызды нысандарды аралап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттарымен танысты.

Мемлекеттер басшылары алдымен Бұхара облысының жаңа Ахуалдық орталығына барды. Орталық қызметі тәулік бойы өңірдегі ахуалды бақылауға бағытталған. Атап айтқанда, инфрақұрылымның жай-күйі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік жүйесі, қауіпсіздік қызметі және табиғи процестер тұрақты мониторингтен өтеді. Сонымен қатар орталық төтенше жағдайлар кезінде шұғыл қызметтердің жұмысын үйлестіруге және ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында жағдайды модельдеуге мүмкіндік береді.

Сапар барысында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президентіне бірқатар құнды тарихи құжаттарды табыстады. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Рәбия Сұлтан бегім кесенесіне қатысты 1920–1950 жылдары Өзбекстан аумағында табылған архив материалдары, сызбалар мен фотосуреттер Қазақстан тарапына берілді. Бұл деректердің басым бөлігі ғылыми айналымға бұрын енгізілмеген және тарихи-мәдени тұрғыдан ерекше құнды болып саналады.

Президенттер сондай-ақ Бұхарада ұйымдастырылған жасанды интеллект бойынша жалпыұлттық хакатонға қатысты. Іс-шара ІТ саласындағы талантты жастарды анықтауға және оларды қолдауға бағытталған. Хакатон аясында білім беру, медицина, кәсіпкерлік және цифрлық технологиялар бағытындағы нақты міндеттер бойынша жобалар ұсынылды. Байқауға мыңнан астам жас маман, студенттер мен әзірлеушілер қатысқан. Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Govtech платформасы аясында көлік, кеден, салық, энергетика, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа да салалардағы цифрлық шешімдер таныстырылды.

Жұмыс сапары аясында президенттер «MERGANTEKS» мақта-мата кластерінің қызметімен де танысты. Кәсіпорында шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Кластер құрамына мақта зауыты, жіп иіру фабрикалары, тоқыма және бояу цехтары, сондай-ақ тігін өндірісі кіреді. Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорын халықаралық сапа стандарттарына сай өнім шығарып, оны Польша, Түркия, Израиль, Иран және басқа да елдерге экспорттайды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары Бұхараның бірқатар тарихи-мәдени орындарын аралап көрді. Атап айтқанда, ежелгі Арк қамалы, «Ляби-хауз» кешені, сондай-ақ «Пои-Калян» тарихи ансамблі таныстырылды. Бұл нысандар өңірдің бай мәдени мұрасын айқындайтын маңызды ескерткіштер қатарына жатады.

Бұхараның ғасырлар бойы Орталық Азиядағы ірі рухани орталықтардың бірі болғаны атап өтілді. Мұндағы медреселерде қазақтың көрнекті тұлғалары – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы және басқа да зиялылар білім алған. Осы орайда мемлекеттер басшыларына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған музей-құжыра мен қазақ зиялыларына қатысты көрме де таныстырылды.

Жалпы, бұл сапар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің мазмұнын жаңа деңгейге көтеріп, цифрландыру, өндіріс, білім және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға серпін береді.