ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН АТҚАРУШЫ БИЛІК

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесінің басты қағидаларының біріне айналды. Президент ел азаматтарының мәселесін дер кезінде тыңдап, нақты шешім қабылдайтын ашық әрі әділетті мемлекет қалыптастыру міндетін қойған болатын. Осы бағытта орталық және жергілікті атқарушы органдар халықпен байланысты күшейтіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей қарауға басымдық беріп келеді.

 

Бүгінде Президент Әкімшілігіне eOtinish бірыңғай платформасы арқылы жыл сайын мыңдаған арыз-шағымдар мен ұсыныстар түседі. Әсіресе ауылдық аймақтар мен шалғай елді мекендерден келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі жер, инфрақұрылым, коммуналдық қызмет, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлік және денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты. Бұл халықтың мемлекеттік органдардан нақты нәтиже мен әділ шешім күтетінін көрсетеді. Сондықтан өңір әкімдерінің тұрғындармен тұрақты кездесуі мен жеке қабылдауы қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, заң аясында шешудің маңызды тетігіне айналып отыр.

Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға облыстың қала-аудандарынан келген азаматтар қатысып, түрлі коммуналдық, жер, кәсіпкерлік және әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді көтерді.

Жеке қабылдауға келген бірқатар тұрғындар жер телімдерін заңдастыру және жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша көмек сұрады. Бұл мәселелер әсіресе елді мекендер аумағы кеңейіп жатқан аймақтарда өзекті болып отыр. Азаматтар өздерінің заң аясында кәсіп жүргізуіне немесе тұрғын үй салуына қажетті құжаттарды рәсімдеу барысында кездескен қиындықтарын жеткізді.

Сонымен қатар қабылдауға қатысқан кәсіпкерлер өңірдегі өндіріс орындарын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, консервтік зауытты модернизациялау және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесін көтерді. Кәсіпкерлердің пікірінше, өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға және жергілікті экономиканың дамуына серпін береді.

Қабылдау барысында моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді зерттеу жүргізу туралы жоба да ұсынылды. Азаматтар бір бағытқа тәуелді елді мекендердің болашағын әртараптандыру, инфрақұрылымын жақсарту және халықтың тұрмыс сапасын көтеру мәселесіне назар аудару қажеттігін айтты. Бұл ұсыныстар өңірдің ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастыруда маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.

Тұрғындардың бірі аурухана дәрігерінің жұмысына қатысты шағымын жеткізіп, денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасына назар аударуды сұрады. Сонымен қатар азаматтар коммуналдық қызмет сапасы, жол, электр жарығы, ауыз су және өзге де инфрақұрылымдық мәселелер бойынша өз ұсыныстары мен талап-тілектерін білдірді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров әрбір мәселені мұқият тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне заң аясында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері бақылауға алынып, олардың заң талаптарына сәйкес шешілуі басты назарда болатынын жеткізді. Қабылдау барысында көтерілген бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.

Өңір басшысы азаматтардың өтініштеріне бейжай қарауға болмайтынын, әрбір мәселе тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, халықпен кері байланыс тұрақты түрде күшейтіле бермек.

Айта кету керек, Түркістан облысының әкімі және оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес жеке қабылдау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл тұрғындардың мемлекеттік органдарға тікелей жүгініп, өз мәселелерін ашық айтуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда азаматтар жеке қабылдауға eOtinish бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына барып жазыла алады.

Жалпы, халықпен ашық диалог орнату, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру және әлеуметтік мәселелерді заң аясында шешу – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың маңызды тетігі. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асу өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналып отыр.