ҮНДІСТАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЙЫП, КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесу барысында инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, медицина және фармацевтика салаларындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталып, Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар үндістандық компанияларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды.

 

Нұралхан Көшеров: 

Түркістан облысы – инвестиция үшін мүмкіндігі мол өңір. Біз индустрия, ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарында өзара тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз. Түркістан халықаралық әуежайының мүмкіндігі жоғары, шетелдік туристерді қабылдауға барлық жағдай жасалған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы Үндістаннан келетін туристер үшін де ерекше қызығушылық тудырады, – деді.

Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын шамамен 50 млн Үндістан азаматы шетелдерге туристік сапар жасайды. Осыған байланысты Түркістанның туристік әлеуеті үндістандық саяхатшылар үшін тартымды бағыттардың біріне айнала алатынын жеткізді.

Сонымен бірге елші уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, мақта кластері, медицина және фармацевтика, баламалы энергия көздері бағыттарында өзара тиімді серіктестік орнатуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ өңірде халықаралық деңгейдегі аурухана салу, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі салаларында нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде бастама көтерді.

Қос тарап аталған бағыттардағы өзара байланысты одан әрі нығайтып, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.