БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН МАҚСАТТЫ ӘРІ УАҚЫТЫЛЫ ИГЕРУ ҰСЫНЫЛДЫ
Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия отырысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібіне бір мәселе енгізіліп, «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы №20/268-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жаппар Күмісбек баяндама жасады.
Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мағауия Тұрысбеков комиссия қорытындысын жариялап, депутаттар тиісті шешім қабылдады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат депутаттарына нәтижелі еңбек тіледі.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты қарап, қолдау білдіргендеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қабылданған шешімдер – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам. Бөлінген бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Барлық жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне қабылданған шешімдердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Біз осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра түсуіміз қажет, – деді.
Өңірде импортты алмастыру, өндірісті өркендету және өзін-өзі толық қамтамасыз ететін облыс деңгейіне жету бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын таппақ. Облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен жұмысының нәтижесінде биылғы 6 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша 1 орынға шықты. Бұл – жүйелі атқарылған жұмыстар мен өңірдің әлеуетін тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда өңірде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын іске қосу, өндірістік парктердің қызметін жандандыру, терең өңдеу саласын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен туризм бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр.
