МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ «МӨЛДІР БҰЛАҚ» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
Қазығұрт ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында облыстық «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Табиғатты қорғауға және қоршаған ортаны абаттандыруға бағытталған игі шара Шарбұлақ ауылындағы тарихи бұлақтың маңында ұйымдастырылды.
Экологиялық акцияға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Аширов, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, коммуналдық мекеме қызметкерлері, еріктілер, белсенді жастар, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар қатысып, туған өлкенің табиғатын қорғау ісіне өз үлестерін қосты. Жалпы аудан көлемінде өткен акцияға 300-ден астам адам белсенді қатысты.
Шара барысында Шарбұлақ ауылындағы бұлақ көздерінің айналасы қоқыстан тазартылып, аумақ абаттандырылды. Сонымен қатар гүл көшеттері отырғызылып, бұлақ маңын көркейту жұмыстары жүргізілді.
Акция барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов табиғатты қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Нұралы Әбішов:
«- Халқымызда “Бұлақ көрсең – көзін аш” деген дана сөз бар. Бұл – ата-бабамыздан қалған аманат. Табиғат – баршаға ортақ байлық, ал әрбір бұлақ – келер ұрпаққа қалдырар асыл мұра. Сондықтан туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бәріміз бір кісідей атсалысуымыз қажет», – деді.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғаумен қатар, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Осындай игі шаралар табиғатты аялау дәстүрін нығайтып, қоғамның экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді.
Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылы – тарихы терең, табиғаты көркем мекендердің бірі. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген көрнекті әулие Ысмайыл ата Аллаға жалбарынып отырып, аса таяғын төрт рет сілтеген кезде, таяғы қадалған жерлерден төрт бұлақ қайнап шыққан екен. Суы мол, шөлі қанған бұл мекен кейін Шарбұлақ аталып кеткен деседі. Ғалымдардың пайымдауынша, «шар» сөзі парсы тілінен аударғанда «төрт» деген мағынаны білдіреді. Осыған байланысты «Шарбұлақ» атауы «Төрт бұлақ», яғни Ысмайыл атаның төрт бұлағы деген мағынаны білдіреді.
