АЛМАТЫДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛЫП КЕТТІ
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Оңтүстік-Шығыс аудандық қазандыққа барып, жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында қаладағы алдағы жылыту маусымына тыңғылықты дайындық жүргізу және жылу нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС-нің балансында бүгінде 89 қазандық бар. Қазіргі таңда аталған нысандардың бірқатарында алдын алу және жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жоспарға сәйкес, профилактикалық жөндеу шараларын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделген.
Жұмыс сапары барысында жекеменшік қазандықтардың тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша мән берілді. Осыған байланысты Дархан Сатыбалды тиісті нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың техникалық қызмет көрсетуіне жауапты ұйымдармен тиісті келісімшарттар жасасуды тапсырды.
Сонымен қатар қала әкімі №56 гимназияны жаңғырту жұмыстарының және №17 мектеп-интернатында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу мен сейсмикалық күшейту шараларының барысын көрді. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға қосымша жұмыс күшін және қажетті ресурстарды жұмылдырып, барлық құрылыс-жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау жөнінде нақты тапсырма берілді.
