КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ ҮШІН МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізген Түркістан облысының спортшыларын қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында облыс әкімі спортшыларды халықаралық додадағы жеңістерімен құттықтап, олардың жетістігі өңірде ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамытуға және жас спортшылардың жігерін арттыруға тың серпін беретінін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Сіздер ел сенімін ақтап, Мемлекеттік Туымызды көкке желбіреттіңіздер. Осы жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! 100-ден аса мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысқан дүбірлі сынға өңірімізден 21 спортшы қатысып, 17 медаль еншілеп отырсыздар. Оның ішінде Қазақстан қоржынына 9 алтын медаль салдыңыздар. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін ерекше атап өткім келеді. Сіздерге, бапкерлеріңіз бен ата-аналарыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Біз ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді.
Жиын барысында халықаралық жарыста топ жарып, жүлделі орындардан көрінген спортшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары және ақшалай сертификаттар табысталды. Атап айтқанда, бірінші орын иегерлеріне 500 мың теңгеден, екінші орын алған спортшыларға 300 мың теңгеден, үшінші орын иегерлеріне 200 мың теңгеден ақшалай сыйақы берілді. Өз кезегінде спортшылар жарыс кезінде жанкүйер болып, қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қол күресінен сынға түскен Нұрдәулет Айдархан мен Медет Құттымұратов ел намысын абыроймен қорғады. Екі спортшы да оң және сол қолмен бақ сынап, нәтижесінде екі алтын медальдан иеленді. Аударыспақтан Дарын Өткелбай, Сырым Ізбасаров және Сайлау Мұхаммеджан алтын медаль жеңіп алып, жарыс жеңімпаздары атанды. Теңге ілуден Қанат Бақтыбай үздік нәтиже көрсетіп, алтын медальға қол жеткізді. Тоғызқұмалақтан командалық есепте Аружан Салман чемпион атанды.
Алыш спорт түрінен Қалмұхан Тұрмаханбет қола жүлдеге ие болса, ордо спортынан Талғар Абилхан қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ жүлдегерлер қатарынан қол күресінен екі күміс медаль иеленген Ұлжан Оралбай, көкпардан күміс жүлдеге қол жеткізген Абылайхан Нышанбеков, көк бөріден күміс медаль алған Асылжан Мамыт және ордо спортынан қола жүлдегер атанған Нұрсұлтан Өмір көрінді. Сонымен бірге овариден Әсел Далиева да жүлдегер атанған болатын.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден аса мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 1-орын иеленіп, 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль бар.
Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының спортшылары ел қоржынына 17 медаль салды. Оның 9-ы алтын, 4-еуі күміс және 4-еуі қола медаль. Осылайша, жалпы алтын жүлденің 9-ы, яғни 28 пайыздан астамы Түркістан облысының спортшыларының еншісіне тиіп отыр.
Түркістандық спортшылардың халықаралық додадағы жоғары нәтижелері өңірде ұлттық спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бұл жетістіктері жас буын арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, болашақ спортшылар үшін зор үлгі болары сөзсіз.
