АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Бірлік ауылдық округінде тұрғындардың талап-тілектерін тыңдау үшін Келес ауданына арнайы барды. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау барысында ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты бірқатар ұсыныс айтылды.
Кездесу барысында тұрғындар ауылды газдандыру, автомобиль жолдарын жөндеу, жаңа мектеп құрылысын салуға қаржы қарастыру, ауыл тұрғындарын жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы қолдау көрсету, сондай-ақ ауылдағы аурухана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін көтерді.
Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері мұқият тыңдалып, көтерілген әрбір мәселені шешу бойынша жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың маңыздылығы атап өтілді. Осыған байланысты тиісті облыстық басқармаларға нақты ұсыныстар енгізіліп, мәселелерді шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Азаматтардың өтініштерін қарау барысында көтерілген мәселелердің әрқайсысы назардан тыс қалмайды. Олардың орындалу барысы мен қабылданған шаралар облыстық мәслихаттың бақылауына алынды.
Тұрғындардың талап-тілектерін жүйелі түрде қарау және елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – өңірдің тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі.
