ТҰЗДЫ ТОПЫРАҚТАҒЫ ӨСІМДІКТЕРДІҢ ӨНІМДІЛІГІ 90 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көгалдандыру бағытындағы озық тәжірибелерді кеңінен қолдану, терек және гүлді өсімдіктер өсірілетін алқаптардың көлемін ұлғайту мақсатында «Терек және гүлді өсімдіктерді өсіру» тақырыбында арнайы семинар ұйымдастырылды.
Отырар ауданы мен Арыс қаласы аумағында орналасқан «Түркістан мақта» ЖШС-нің базасында өткен басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ көгалдандыру саласына жауапты мамандар мен тиісті мекеме өкілдері қатысты.
Семинарға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков модераторлық етті. Іс-шара барысында терек өсірудің тиімді әдістері мен заманауи тәжірибелері таныстырылды. Бұл бағытта «Түркістан мақта» ЖШС-нің жауапты өкілі Ван Сипань баяндама жасап, кәсіпорында қолданылып жатқан тәсілдер жөнінде мәлімет берді. Ал гүлді өсімдіктерді өсірудің озық үлгілері бойынша «ChangAn Group» компаниясының өкілі Рэн Джиабо өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу барысында көгалдандыру саласына жауапты басшылар мен мамандарға тұзды әрі шөлейтті аумақтарда көшет өсірудің, олардың жерсінуін қамтамасыз етудің және өнімділігін арттырудың тиімді жолдары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, топырақтың ерекшелігіне бейімделген технологияларды пайдалану, суару жүйесін дұрыс ұйымдастыру және көшеттерді күтіп-баптау тәртібін сақтау мәселелеріне басымдық берілді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров семинардың маңыздылығына тоқталып, өңірдегі барлық аудан мен қалада тұқымбақтардың жұмысын жандандырып, көшет өсіру ісіне заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізу қажеттігін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы уақытша науқан емес, бұл – табиғатқа жауапкершілікпен қарау, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл әрі қолайлы ортаны тұрақты түрде қалыптастыру. Тек дайын көшеттерді шет елден сатып алып, белгілі бір аумақтарға отырғызумен шектелу жеткіліксіз. Басты міндет – ағаш көшеттері мен гүлді өсімдіктерді өзімізде өсіріп, олардың көлемін жыл сайын арттыру. Бүгінгі басқосудағы мақсатымыз – сапалы көшет отырғызуға мүмкіндік беретін жүйені қалыптастыру. «Жоспарсыз іс – жемісі жоқ ағаш». Сондықтан әрбір аудан мен қала өз аумағының ерекшелігіне қарай ағаш және гүл түрлерін айқындап, көшет санын, өсіру алаңын, суару жүйесі, күтім тәртібін жоспарлауы қажет. Осылайша көгалдандыруды науқаннан тұрақты жүйеге айналдырамыз. Облысымыздың топырағы тұзды аймақтарында «ағаш өспейді» деген пікір қалыптасқан. Бірақ қытайлық әріптестеріміз дәл сол жерге көшет отырғызып, өнімділікті 90 пайызға жеткізіп, бұл пікірді теріске шығарды. Демек, мәселе жерде емес – ниет пен жауапкершілікте. Сіздерге көшет отырғызу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Алайда бірқатар басшы сылтауды алға тартып, жауапкершіліктен жалтарды. Бүгіннен бастап барлық аудан, қала әкімдіктерінен жаңа тәжірибені енгізіп, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Біз облысымызды ғана көшет пен гүлмен қамтып қоймай, өзге өңірлерге де жеткізу мәселесін назарда ұстауымыз керек. Оған толық мүмкіндік бар, – деді.
Семинар қорытындысында аудан және қала әкімдеріне сапалы көшет қорын қалыптастыру, өсімдік түрлерінің санын арттыру, жергілікті жерде көшет өсіру көлемін ұлғайту және бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Іс-шарадан кейін семинарға қатысушылар «Түркістан мақта» ЖШС аумағында жайқалып өсіп тұрған терек алқабын аралап көрді. Мамандар көшеттерді өсіру мен суару технологиялары жөнінде нақты түсініктемелер беріп, тәжірибе барысында қолданылған тәсілдерді таныстырды. Қазіргі таңда кәсіпорын аумағындағы көшеттердің өнімділігі 90 пайыздан асып отыр. Бұл көрсеткіш тұзды топырақты жерлерде де тиісті технология мен күтім арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетеді.
Аталған тиімді тәжірибені Түркістан облысының басқа да аумақтарына кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Жаңа тәсілдерді жаппай қолданысқа енгізу арқылы өңірдегі көшет қорын көбейтіп қана қоймай, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты әрі нәтижелі жүйеге көшіруге мүмкіндік туады.
Гүл шаруашылығын дамыту бағытында да облыста ауқымды жұмыстар қолға алынған. Түркістан облысында елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру мақсатында жалпы көлемі 5,37 гектар болатын жылыжай кешендерін құру жоспарлануда. Аталған жылыжайларда 1 миллионнан астам гүл көшетін өсіру көзделіп отыр.
Сонымен бірге облыстық орман шаруашылығының тұқымбақтарында 0,87 гектар аумақта қосымша 1,4 миллион түп гүл көшетін өсіру жоспарланған. Бұл жұмыстар елді мекендерді маусымдық гүлдермен қамтамасыз етуге, көгалдандыру ауқымын кеңейтуге және жергілікті жерде өсімдік материалдарының тұрақты қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика көлемінде елді мекендерге 15 миллион түп ағаш көшетін отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Аталған тапсырма аясында өңір бойынша жалпы саны 1,1 миллион түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Нәтижесінде 2021-2025 жылдар аралығында осы тапсырма шеңберінде Түркістан облысының аумағында 3 миллионнан астам көшет отырғызылды.
Бүгінде облыста қолға алынған жаңа технологиялар мен озық тәжірибелер көгалдандыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Әсіресе тұзды және шөлейтті топырақ жағдайында көшеттердің өнімділігін 90 пайыздан асыру тәжірибесі өңірдің табиғи ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан бірқатар түсінікті өзгертуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта әр аудан мен қала өз аумағының топырақ, климат және суару ерекшеліктерін ескере отырып, көшет өсіру бағыттарын айқындап, тұқымбақтардың өндірістік әлеуетін арттыруға басымдық бермек. Бұл өз кезегінде көгалдандыру жұмыстарын бір реттік іс-шара деңгейінен шығарып, тұрақты әрі жоспарлы жүйеге айналдыруға жол ашады.
Түркістан облысында жергілікті жерде сапалы көшет пен гүл өсіру көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және қолданыстағы озық тәжірибелерді кеңінен тарату арқылы өңірді жасыл желекпен қамту жұмыстары жалғаса береді.
