79 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Түркістан облысында 8 айда 79 069 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 35 004 адам тұрақты жұмыс орындарына, 21 175 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында мәлім болды.
Өңірде жұмыс орындарын құру бағытындағы шаралар ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар, сондай-ақ Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Президент бекіткен ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар шеңберінде 286 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Есепті кезеңде 250 жоба жүзеге асырылып, 2 305 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 186 жоба бойынша 1 266 жұмыс орны мемлекеттік қаржы есебінен, 64 жоба бойынша 1 039 жұмыс орны жеке инвестициялар есебінен ашылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында 19 878 жұмыс орны құрылды.
Биыл облыс әкімі бекіткен «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» бойынша 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде Ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар шеңберінде – 2 465, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы бойынша – 11 476, субсидияланатын жұмыс орындары есебінен – 18 530, мемлекеттік гранттар арқылы – 1 450 жұмыс орнын қамту көзделген. Сонымен қатар облыста 40 595 бос жұмыс орнын ұсыну жоспарланған.
Жұмыспен қамту саласында инвестициялық жобаларға да басымдық беріліп отыр. Биыл 80 инвестициялық жоба аясында 1 138 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 64 жоба іске қосылып, 1 039 жұмыс орны құрылды.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары шеңберінде биыл 1 450 азаматқа 2 508,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінде бірінші лек бойынша 721 азамат грант алды. Жалпы есепті кезеңде кәсіпкерлікті қолдау бағытында 727 азаматқа мемлекеттік грант берілді.
Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жылға 180 квота орны бекітіліп, оның 178-і орындалды. Жоспардың орындалу деңгейі 98,9%-ды құрады. Аппарат отырысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы жұмыспен қамту саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту, инвестициялық жобалар есебінен жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударуды міндеттеді.
Нұралхан Көшеров:
– Жұмыспен қамту саласы бойынша 2026 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Қосымша инвестициялар тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар керек. Осы мәселе бойынша анализ жасаңыздар, – деді.
Аппарат мәжілісінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың облыс бюджетінің кредиторлық берешегі бойынша атқарылған жұмыстар туралы есебі де тыңдалды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүргізілген талдау нәтижелері баяндалып, берешекті өтеудің мүмкін жолдары ұсынылды. Осыған байланысты облыс басшысы жауапты тұлғаларға коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметіне толық талдау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар экономикалық негізделген тарифтерді кезең-кезеңімен енгізу, кірістер мен шығыстардың теңгерімін қамтамасыз ету және жинақталған берешекті өтеудің ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
