ТАЗАЛЫҚ САҚТАМАҒАНДАР 46 МЛН АЙЫППҰЛ АРҚАЛАҒАН
Туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Осы мақсатта Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жанданып, 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күніне орай жалпыөңірлік тазалық акциясы ұйымдастырылады. Бұл күні елді мекендерді қоқыстан тазарту, абаттандыру және ағаш отырғызу шараларын өткізу жоспарланған.
Өңірдегі экологиялық бастамалардың орындалу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде қаралды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады.
12 қыркүйекте облыс аумағында «Күзгі тазалыққа – бірге!», «Күзді таза қарсы алайық!» және «Күзгі тазалық – туған жерге құрмет!» атты акциялар ұйымдастырылды. Тазалық шараларына 15 936 адам қатысып, 779,8 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 508,1 гектар аумақ тазартылды. Бұл жұмыстар өңірдің көркін келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Тұрғындардың өтініштері де назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы 2 687 өтініш келіп түскен. Оның 2 645-і орындалып, қалған 42 өтініш бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау бағытында бақылау шаралары да жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 5 930 хаттама толтырылып, 173,7 млн теңге айыппұл салынған. Оның 117,1 млн теңгесі өндірілген. Ал 505-бап бойынша 8 204 хаттама рәсімделіп, 46,2 млн теңге айыппұл салынды.
Мәжілісте елді мекендердегі бейберекет қоқыс орындары мен абаттандыру жұмыстарына қатысты кемшіліктер де талқыланды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында жүргізілген мониторинг нәтижесінде 77 кемшілік анықталған. Оның ішінде 65 бейберекет қоқыс орны және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына қатысты 12 мәселе тіркелген.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тиісті мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдіктеріне елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, анықталған кемшіліктерді жою және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті дағды. Әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігі туған жердің келбетін жақсартуға үлес қосады. Қоқысты белгіленген орындарға тастау, қоғамдық орындарды таза ұстау, ағаштар мен жасыл желектерді күтіп-баптау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Айта кетейік, қыркүйек айында әлемнің көптеген елінде «World Cleanup Day» – Дүниежүзілік тазалық күні халықаралық акциясы өтеді. Осыған орай, 19 қыркүйекте Түркістан облысында тазалық шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, санитарлық жұмыстарды күшейту және ағаш отырғызу іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр.
