САПАЛЫ САЛЫНУЫН ТАЛАП ЕТТІ

Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасау және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Созақ ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шолаққорған ауылындағы аудандық орталық аурухана ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, құрылыс алаңындағы жұмыс үдерісімен танысты.

Аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жобасының жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, ал бас мердігері – «KazBuildCo» ЖШС. Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 75 адам еңбек етіп, белгіленген жұмыстарды кезең-кезеңімен атқаруда.

Нысанды аралау барысында мердігер компанияның басшысы облыс әкіміне құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі мен атқарылып жатқан шаралар туралы баяндап, жұмыстардың бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Өңір басшысы аурухана ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына айрықша мән беріп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылыс барысына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтып, тиісті тапсырмалар жүктеді.