ТАУ ТАБИҒАТЫН ТАМАШАЛАУ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысының Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай Ақсу шатқалында жаңа көру алаңы пайдалануға берілді. Нысанның басты мақсаты – Ақсу құз-шатқалының табиғи ерекшеліктерін кеңінен таныстыру, экологиялық туризмді өркендету және туған өлкенің көркем келбетін дәріптеу.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, табиғи аумақтарды сақтау, қорғау және туризм саласын ілгерілету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Бұл – жай ғана туристік нысан емес, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті айшықтайтын, туған жердің ғажайып көрінісіне құрмет білдіретін ерекше мекен. Көру алаңы туристерге, зерттеушілер мен жастарға Ақсу шатқалының табиғи сұлулығын қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік береді, – деді.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорын 2000-2021 жылдары басқарған ардагер Айтбек Меңлібеков те сөз сөйлеп, қорықтың қалыптасу кезеңдері мен табиғи мұраны қорғаудың өзектілігі жөнінде пікір білдірді.
Жаңадан ашылған бақылау алаңы келушілерге Ақсу құз-шатқалының әсем табиғатын тамашалаумен қатар, оның геологиялық құрылымы мен биологиялық алуантүрлілігі туралы кеңірек ақпарат алуға жол ашады. Мұнда танымдық экскурсиялар өткізіліп, қонақтар қорықтың табиғатты қорғау саласындағы қызметімен жақынырақ таныса алады.
Ақсу шатқалы – 1926 жылы негізі қаланған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының ең көрікті орындарының бірі. Қорықтың ғасырлық мерейтойы аясында табиғи құндылықтарды көпшілікке таныстыру және экологиялық туризмді дамытуға бағытталған бастамалар одан әрі жалғасын табуда.
Іс-шара барысында қонақтар жаңа көру алаңын аралап, Ақсу құз-шатқалы аумағында ұйымдастырылған танымдық экскурсияға қатысты. Жаңа нысан Ақсу шатқалының туристік әлеуетін арттырып, табиғат әуесқойлары мен саяхатшылар үшін тартымды демалыс орындарының біріне айналуға мүмкіндік береді.
