50 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ АСАРЛАТЫП ТАЗАЛАДЫ

Бүгін Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде «Асарлату» атты экологиялық іс-шара өткізілді.

Бастаманың басты мақсаты – арықтар мен суару каналдарын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, су арналарының еркін ағып өтуіне жағдай жасау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін дамыту. Бұдан бөлек, ұлттық дәстүріміз – асар арқылы жұртшылықты игі іске жұмылдырып, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосу, қоғамдағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайту көзделді.

Жалпы тазалық жұмыстарына 50 283 адам атсалысып, 249 бірлік арнайы техника тартылды. Іс-шара қорытындысы бойынша 384,5 тонна қоқыс шығарылып, 448,9 гектар аумақ тазартылды. Сонымен бірге 215,7 шақырым арық аршылып, 1 150 ағаш отырғызылды және 6 206 ағаштың діңі әктелді.

Көлемді экологиялық шара табиғатты қорғау, елді мекендердің санитарлық ахуалын жақсарту және тұрғындардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстардың өзектілігін көрсетті.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылатын осындай игі бастамалар халықты ортақ іске біріктіріп, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.