КЕНТАУДА ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС ЖАҢА ЗАУЫТ ӨНІМ ШЫҒАРА БАСТАДЫ

Түркістан облысының Кентау қаласындағы индустриялық аймақта жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Өнеркәсіптік металл конструкциялары мен металл бұйымдарын өндіретін кәсіпорынның ашылу рәсіміне облыс әкімі қатысып, жиналған қауымды айтулы оқиғамен құттықтады.

Нұралхан Көшеров: 

– Республика күні – мемлекетіміздің егемендігін дәріптеп, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтатын айрықша мереке. Осы маңызды мейрам қарсаңында металл конструкциялары мен түрлі металл бұйымдарын шығаратын жаңа кәсіпорынның ашылуына қатысып отырмыз. Бұл бастама Түркістан облысының өндірістік қуатын арттырып, аймақ экономикасының дамуына тың серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлерде отандық өндірісті дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар облысымызда жоспарлы түрде жалғасын табады, – деді.

«АйдарСтройГрупп» ЖШС-нің жаңа зауытын іске асыруға 1,5 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорында 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс орны өнеркәсіп саласына қажетті металл конструкциялары мен металл бұйымдарын жасауға маманданған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 100 дана өнім. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Кентау қаласының индустриялық аймағынан «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,5 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, негізгі технологиялық құрал-жабдықтар орнатылған.

Сонымен қатар кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылым қалыптастырылған. Өндіріс аумағына электр желісі тартылып, трансформатор қойылған. Бұдан бөлек, нысанды табиғи газ желісіне қосу үшін қажетті жұмыстар жүргізілген.

Ашылу салтанаты барысында облыс әкімі зауыттың жұмыс барысымен танысып, өндірістік үдерісті бақылады. Жаңа кәсіпорынның пайдалануға берілуі Кентау қаласының өнеркәсіптік мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірде отандық өнім өндірісін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Кентау қаласындағы индустриялық аймақты аралап, жауапты тұлғаларға жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Аймақта өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру және өндіріс орындарының санын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.