ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДЕУІ ӨНЕГЕ
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бастаған, еліміздің оннан астам өңірінен жиналған делегация Түркістан облысының Сауран ауданында пилоттық негізде іске асырылып жатқан «Ауылды дамыту командасы» жобасының барысымен танысты. Құрамында өңір әкімдерінің кәсіпкерлік мәселелеріне жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары мен тиісті мекемелердің өкілдері бар делегация ауылдық аумақтарды өркендету және халықтың табысын көбейту бағытындағы тәжірибені үйрену мақсатында өңірге арнайы сапармен келді.
Сапар аясында қонақтарға жобаның орындалу барысы мен негізгі бағыттары таныстырылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бастаманың тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудағы рөліне тоқталып, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Жоба Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Округке Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Аталған аумақта 6 920 адам тұрады, сондай-ақ 960 жеке қосалқы шаруашылық жұмыс істейді.
«Ауылды дамыту командасы» жобасының негізгі міндеті – ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалап, әр отбасының сұранысына сәйкес қолдау шараларын ұйымдастыру. Бұл ретте халықты тұрақты жұмыспен қамту, кәсіптік білім алуға бағыттау, жеке кәсіп ашуға көмектесу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік беру көзделген.
Бастаманы іске асыруға жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс істеу бағыттарының мамандары жұмылдырылады. Олар тұрғындарға қажетті құжаттарды дайындау мен рәсімдеуден бастап, бизнес-жоспар құру және кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға дейін практикалық көмек көрсетеді. Әр отбасының жағдайы жеке талданып, көрсетілген қолдаудың нәтижелері жүйелі түрде қадағаланады.
Пилоттық жобаның басым бағыттарының бірі – тұрғындарды «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыстыру арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың кірісін ұлғайту. Осы мақсатта Бабайқорған ауылдық округіндегі ет өндіруге маманданған «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің әлеуетін пайдалану жоспарланып отыр. Ұсынылған тетік бойынша 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооператив арқылы өткізуге жағдай жасау және бес адамды тұрақты жұмыспен қамту қарастырылған.
Іссапар барысында делегация өкілдеріне ауыл халқымен жұмысты үйлестіру, отбасылардың кіріс көздерін көбейту және жергілікті шаруашылықтардың мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану жолдары көрсетілді.
«Ауылды дамыту командасы» жобасы ауылдық жерлердегі өзекті мәселелерді кешенді шешуге, тұрғындардың тұрақты табыс табуына жағдай жасауға және жергілікті экономикалық белсенділікті жандандыруға бағытталған. Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан пилоттық бастама аясында жинақталған тәжірибе өзге өңірлерде де ауылдарды дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға негіз болмақ.
