ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың бірінде болып, тұрғындармен тілдесті. Апаттың алдын алумен айналыспаған жауапты министрлер мен облыс әкімдеріне сөгіс жарияланды.

Мемлекеттік штаб құрылды. Судың бетін қайтарумен ҰҚК, Қорғаныс министрлігінің сарбаздары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің облыстық департаменттерінен құтқарушылар, еріктілер мен ауыл азаматтарының өздері де айналысып жатыр. Үкімет басшысы бастаған топ жағдай тұрақталғанша апатты аймақтарда жүретін болады.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бар мүлкінен айрылған азаматтардың шығын түгел өтелетінін айтты. Мемлекеттік материалдық резерв есебінен де қаржы жұмсалатынын жеткізді.

Қиын-қыстау кезеңде бір ел, бір ұлт болып апатты еңсеретінімізге сенім білдірді. БАҚ пен белсенді азаматтарды, блогерлерді жалған ақпарат таратпауға, халықты сабыр сақтауға шақырды.

Сондай-ақ, Президент су тасқынының себептеріне тоқталып, елімізде су мамандарының тапшылығын атап өтті. Көктем келгендіктен, су тасу қаупі күшейе түседі. Сондықтан бұдан зор апаттың алдын алуды тапсырды.

Президенттің сайлауалды бағдарламасында осындай табиғи жолмен пайда болатын суларды зерттеу, оны жинау және кәдеге жарату, республика бойынша каналдарды, дренаждарды қалпына келтіру, ирригация жүйелерді реттеу, гидромелиорациялық зерттеулер жүргізу және т.б жұмыстарды атқару мәселесі кеңінен қамтылған. Оны іске асыру үшін арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі де құрылды. Тағы бір міндет су мамандарын даярлайтын оқу орнын ашу еді. Бұл ұзақ уақыт алатындықтан, елдегі ЖООлар жанынан қосымша факультеттер ашып, су мамандарының тапшылығын шешудің жылдам әрі оңтайлы жолы деп есептейміз.

Биыл апат аумағы кеңейіп, тілсіз жау 7 облыстың ауылдарын жайлады. Адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп, оларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.