ПРЕЗИДЕНТ СУ БАСҚАН СОЛТҮСТІККЕ БАРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының айналасын әуеден байқап көрді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланып, 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған. Су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған.

Президент іргетасы 1973 жылы қаланған Петропавл су торабына да барды. Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді. Биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүруіне, инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына себеп болған.

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.

– Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екекен ескертті.

– Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажетті мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды, – деді.

Президент Солтүстік Қазақстан облысының қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын, қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленетінін айтты. Тұрғын үйі жарамсыз болып қалған отбасыларға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегерілмек.

Президент ешбір азаматтың назардан тыс қалмайтынын айтты.

– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді.