ШЕКАРАЛАС ОБЛЫСТАРДАН ШЕГІРТКЕ ӨТПЕУ КЕРЕК

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес бұрынғыдан ерте басталып, әлі күнге жалғасып жатыр. Өзге өңірлерде де зиянкестер жетілмей тұрып жойылса, экономика зардап шекпес еді. Себебі шегіртке көшіп жүретін жәндік. Сондықтан ел бойынша кешенді күрес дер кезінде басталып аяқталуы керек.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес, Келес ауданында кезекті штаб мәжілісін өткізді.

Өңірде шегірткеге қарсы нақты 703,0 мың гектар жер дәріленген. Оның 367,7 мың гектары жоспарға сай жүргізілсе, қосымша анықталған 335,2 мың гектар демеушілердің көмегімен іске асырылған.

Бақылаушылар негізгі ошақтардың жойылғанын, ендігі кезекте экономикалық зиянды шегіне жетпейтін алқаптарды тазалау жалғасып жатқанын баяндады. Арыстағы Қожатоғай ауыл округінде Басқарбек шаруашылығының аймағы, Сарыағаш ауданында Әлімтау, Жылға, Дарбаза ауыл округтерінің белгіленген аймақтары, Келесте Жиделі ауылының жайылым жерлері, Ақтөбе, Жамбыл ауыл округтерінің белгіленген аймақтары күнделікті қадағаланып, қажеттілігіне қарай химиялық өңдеу жүргізілуде.

Бәйдібек ауданының Жамбыл облысы, Сарысу ауданымен шекаралас алқаптарында кезекші техникалар жұмыс атқаруда. Анықтаушылар мониторинг нәтижесімен жалпы 437 гектар аймақты залалсыздандыруға ұсынды.

Нұрбол Тұрашбеков аудандарда анықтаушылардың қатарын толықтыруды тапсырды. Техникалардың кезекшілігі тұрақты қадағалауда болатынын ескертті. Сондай-ақ, жауаптыларға көршілес Өзбекстанмен шектесетін аймақтарды күнделікті бақылауды, зерделеу нәтижесінің есебін күнделікті тапсыруды жүктеді.