57 АДАМ СОТТАЛСА ДА…

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тағы бір медициналық қордың қылмысын әшкереледі. Денсаулық сақтау жүйесі сыбайлас жемқорлыққа бейім сала болғандықтан, жұртшылықтың назарында.
Соңғы үш жылда бұл салада 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, олар бойынша 57 адам сотталған. Соған қарамастан лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері азаматтардың сеніміне нұқсан келтіріп қана қоймай, медициналық қызметтердің тиімділігінің төмендеуіне және мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына әкеледі дейді, антикор.
Маусым айында Орталық органның және оның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық схемасы ашылған. Нәтижесінде, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары әшкереленді.
Ол денсаулық сақтау субъектісіне халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Жымқыру медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалды.
Іс жүзінде медициналық қызметтер көрсетілмеді, отыз мыңнан астам «тіркеулер» анықталды. Сондай-ақ, ол жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, Қордың жымқырған қаражатын, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деп күдіктенеді.
Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып, шенеунік пен басқа адамдардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатысуы тексеріліп жатыр, әлі.