ОБЛЫСҚА ӘКІМ БОЛҒАНЫНА ЖЫЛ ТОЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қызметіне тағайындалғанына бір жыл толды. Осы кезең өңір үшін мазмұнды бастамаларға, ауқымды жобаларға және нақты нәтижелерге толы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айқындалған жаңа басымдықтар облыс дамуының негізгі бағыт-бағдарына айналды.
Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлік саласын, жасанды интеллект пен IT саласын дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, адами капиталды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
2025 жылы Түркістан облысында заманауи зауыттар ашылып, индустриялық серпіліс жасалды
Түркістан облысында бір желтоқсан айының өзінде 7 зауыт ашылып, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының капсуласы салынды.
Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауындағы экономиканы әртараптандыру, өндірісті көбейту, инвестиция тарту тапсырмаларының орындалып жатқанының нақты көрінісі.
Түркістан облысы үшін 2025 жыл ірі зауыттардың ашылуымен, индустрияның өркендеуімен және терең өңдеу саласындағы көрсеткіштердің ұлғаюымен тарихта қалды. Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен тұрақты әрі белсенді жұмыс жүргізіп, облыс үшін инвестиция тарту, индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарды дамытуды басым бағыт ретінде белгілеп берді.
– Инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамыту – өңір экономикасын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Мемлекет басшысы жүктеген стратегиялық міндеттер. Осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысын дотациялық өңір санатынан шығарып, өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, тұрақты индустриалды облысқа айналдыруды көздеп отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейту. Әрбір іске асқан жоба – жаңа жұмыс орындары, жергілікті бюджеттің нығаюы және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуы деген сөз, – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Солардың бірқатарына тоқталсақ, Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны 35 млрд.тг., 300 жұмыс орны), Отырар ауданында 1 мақта өңдеу зауыты және тамшылатып суғару технологиясын шығаратын 1 зауыт («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны 21 млрд.тг., 960 жұмыс орны), Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны 9 млрд. тг., 96 жұмыс орны), Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны 8,5 млрд. тг., 150 жұмыс орны), Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны 8 млрд.тг., 150 жұмыс орны) ашылды.
Оған қоса Түркістан облысы, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны іске қосылып, 40 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында «AERO» автоклавталған газоблок өнімдерін шығаратын зауыты жұмысын бастап, 40 тұрғын еңбекке тартылды.
Түлкібас ауданында «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС-нің әк шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жалпы құны 180 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Биыл 32 млрд теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешені іске қосылды. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндірмек. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге Түлкібаста алма мен өзге де жеміс-жидекті өңдеп, одан 100 пайыз табиғи шырын, жеміс пюресі және алма ұнтағын шығаратын «Түлкібас жеміс-жидектері» кооперативі кәсіпорны іске қосылды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна алманы терең өңдейді. Толық автоматтандырылған нысанда 15 адам жұмыс істейді.
Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. «Түркістан тоқыма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Kazakhstan Lihua) жіп иіріп, мата өндіретін ірі өндірістік кешені өз жұмысын бастады. «Turan» арнайы экономикалық аймағынан 42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 млрд теңге.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары халықтың әл-ауқатын арттырып, ішкі көші-қонды азайтуға, кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалуға мүмкіндік береді. Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр.
Отырар ауданында заманауи мақта өңдеу зауыты, сондай-ақ жылына 800 миллион метр суару лентасын өндіретін, 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етуге қауқарлы өндіріс орны іске қосылды. Ақылды басқару технологиясымен қамтылған мақта өңдеу зауытында 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осы арқылы облыста мақта кластері қарқын алды.
«ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыттың жобалық құны – 4 млрд теңге. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
Түркістанда джинсы маталарын шығаратын алып кәсіпорынның капсуласы салынды. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріліп, мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылады. Облыс орталығында бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны PULPSTYLE ЖШС іске асырмақ. Нысан шаһардағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жоба арқылы 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Altyn land» ЖШС-ның автоматтандырылған қыш зауыты іске қосылып, 120 жұмыс орны құрылды.
Бүгінде облыста құны жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Salem Study» асфальт зауытының құрылысы, «Dala Construction» ЖШС-ның қабырғаларға, едендерге және төбелерге арналған жылу оқшаулағыш материал (керамзит) өндіру зауыты, «Мунай инвестмент груп» ЖШС-ның Битум және битум қоймасын өндіретін зауытының құрылысы, «Кентау Аспап құралдары» ЖШС-ның көппрофильді темір бұйымдарын шығаратын цехы, «Торговый Дом» Orda Glass» екі қабатты терезелерді шығаратын шыны өңдеу зауыты, «ARNA trade» қағаз майлық шығаратын цехы, «Қазығұрт бақтары» АӨК-нің жеміс-жидек өңдеу цехы мен көкөніс қоймасы салынуда. «BEGACH» Мақта тұқымын шығаратын кәсіпорын құру, «ПРОМ-ЕА» ЖШС медициналық бұйымдар шығаратын зауыт құрылысы, «Санжар» жиhаз жасау цехының құрылысы қолға алынған.
11 айда облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Бұл 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді.
Түркістан облысы алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық жинады: мемлекеттік бюджет айқын өсті
Түркістан облысы үшін 2025 жыл тарихи көрсеткіштермен есте қалады. Бірінші рет өңір экономикасы 1 триллион теңгеден астам салық түсімін қамтамасыз етіп, мемлекеттік бюджетке айтарлықтай үлес қосты. Бұл жетістік – облыс әкімінің тиімді басқару саясатының, нақты жоспарланған экономикалық реформалардың және кәсіпкерлік секторды қолдаудың нәтижесі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін көрсетеді. Әкімдік пен квазимемлекеттік сектордың жүйелі жұмысы, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция тарту осы нәтижеге тікелей ықпал етті.
– Бұл көрсеткіш – тек экономикалық табыс емес, бұл халық үшін жаңа мүмкіндіктердің, тұрақты жұмыс орындарының және әлеуметтік инфрақұрылымның артқанын білдіреді. Біз тек цифрлармен емес, нақты нәтижемен, халыққа көрсетілген игілікті істермен есеп береміз. Алдағы жылдары салық түсімін одан әрі арттырып, облыс экономикасын тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге көтереміз, – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Салық түсімдерінің өсуі аймақтағы индустриялық даму мен кәсіпкерлік белсенділіктің нақты көрсеткіші. 2025 жылы Түркістан облысында ашылған зауыттар мен өндіріс орындары халықты тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, жергілікті бюджетке тұрақты қаржы ағымын қамтамасыз етті.
Түркістан облысы үшін 1 триллион теңгеден астам салық жинау – аймақ тарихындағы маңызды тарихи көрсеткіш. Бұл жетістік – тиімді әкімшілік басқару, индустриялық даму, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының өркендеуі, инвестициялық тартымдылық және халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы нақты нәтиже.
Түркістан облысы енді тек рухани орталық емес, сондай-ақ индустриялық, инвестициялық және экономикалық тұрғыдан тұрақты өңір ретінде танылуда. Бұл жетістік – өңірдің тұрақты даму жолындағы берік қадамы.
Ауыл – өңір дамуының өзегі
Мемлекет басшысы ауылды халықтың түп-тамыры деп атап өткен болатын. Бұл қағида Түркістан облысы үшін ерекше маңызға ие. Облыс тұрғындарының 75 пайызы ауылдық жерде тұрады. Осыған байланысты ауыл халқын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Нәтижесінде, ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды, 37 елді мекендегі тозған су желілері жаңартылды. Осы жұмыстардың арқасында 801 елді мекендегі 2,1 миллион тұрғын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылды.
Газдандыру бағытында да ілгерілеу бар. Қосымша 43 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, газбен қамту деңгейі 88,9 пайызға жетті. 1,9 миллионнан астам тұрғын көгілдір отын игілігін көруде.
Жол инфрақұрылымы бойынша 821 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызды құрады. Сонымен қатар 52 мыңнан астам халқы бар 27 елді мекен сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілді.
Энергетика: тәуелділіктен тұрақтылыққа
Президент баламалы энергия көздерін дамытуды ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі ретінде атап өтті. Қазіргі таңда облысқа қажетті электр қуатының 75 пайызы сырттан жеткізіледі. Осы мәселені шешу үшін өңірде бірқатар ірі энергетикалық жобалар іске асырылуда.
Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт бу-газ станциясының құрылысы жүріп жатыр. Сауран ауданында 300 МВт күн электр станциясының құрылысы басталды. Ал Кентау қаласында 240 МВт газ турбиналы станция салу бойынша инвестормен келісім жасалды. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Білім мен адами капитал – басты басымдық
Білім беру саласында да ауқымды істер атқарылды. Президент бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 29 мектеп салынып, 23 мың оқушы орны ашылды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 17 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 4-нің құрылысы толық аяқталды.
41 мектеп реновациядан өтіп, 110 мектеп ағымдағы жөндеумен қамтылды. Бұл ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды қадам.
IT және жасанды интеллект саласында Түркістан қаласында «Woosong Kazakhstan» университетінің ашылуы – өңір тарихындағы айтулы оқиға. Университет 2 мың студент қабылдауға қауқарлы. Бүгінде әкімдік бөлген грант есебінен 108 студент білім алуда, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан 70 студент келіп оқып жатыр.
Жұмысшы мамандықтар мен денсаулық сақтау
Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыста 50 колледжде 46 мың студент білім алуда. Колледж бітірген 15 мыңға жуық түлектің 79 пайызы жұмыспен қамтылды.
Денсаулық сақтау саласында ауылдық нысандарды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. 34 жаңа медициналық ғимарат салынды, жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік сатып алынды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі 84,7 пайызға жетті.
– Түркістан облысының дамуы – тек бүгінгі көрсеткіштермен өлшенбейді. Біздің басты міндетіміз – ұзақ мерзімді, орнықты экономикалық модель қалыптастыру. Әрбір іске қосылған зауыт пен өндіріс орны – бұл тек экономикалық көрсеткіш емес, бұл ең алдымен жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс және тұрғындардың өмір сапасының артуы. Біз үшін басты нәтиже – халықтың өз өңірінде еңбек етіп, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Түркістан облысына келіп жатқан ірі инвесторлар – өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық климаттың нақты дәлелі. Бұл – жергілікті билік пен бизнес арасындағы ашық әрі сенімді әріптестіктің нәтижесі. Ауыл – өңір дамуының өзегі. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен, газбен, жолмен, электр энергиясымен қамтамасыз ету – біздің басты әлеуметтік міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды және жүйелі түрде жалғасын табады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Бір жыл – берік негіз
Жалпы алғанда, Түркістан облысы әкімінің қызметке тағайындалғанына бір жыл толған кезең өңір үшін нәтижелі де маңызды белес болды. Осы уақыт аралығында облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарып, жүйелі реформалар нақты істермен бекітілді. 11 айдың қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 114,4 пайызды құрап, бұл Түркістан облысының тұрақты даму жолына нық қадам басқанын айғақтайды.
Қол жеткізілген бұл нәтижелер – облыс басшылығының тиімді басқаруының, нақты жоспарға негізделген жұмыстың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиялық тапсырмаларының сапалы орындалуының айқын көрінісі. Өңір дамуының барлық бағытында жүйелі тәсіл қалыптастырып, нақты нәтижеге қол жеткізу – облыс әкімінің басты басқару ұстанымына айналды.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, өндіріс пен ауыл шаруашылығын жаңғырту, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу бағыттарындағы кешенді шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей ықпал етті. Бір жылдың ішінде облыс экономикасына ірі инвестициялар тартылып, жаңа өндіріс орындары іске қосылды, мыңдаған тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл өз кезегінде халық табысының өсуіне, кедейлік деңгейінің төмендеуіне және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына негіз қалады.
Туризм саласы да өңір экономикасының маңызды драйверіне айналып келеді. Жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келіп, көрсетілген қызметтерден 6 млрд теңгеден астам табыс түсті. Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай жаңа туристік нысандар пайдалануға беріліп, тарихи-мәдени мұраларды жаңғырту мен заманауи инфрақұрылымды ұштастыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар облыстың туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің халықаралық деңгейдегі танымалдылығын күшейтуде.
Түркістан облысы бүгінде тек рухани орталық қана емес, қарқынды дамып келе жатқан экономикалық, өндірістік және инвестициялық аймақ ретінде қалыптасып келеді. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жүйелі жұмыстар өңірді дотациялық аймақтан арылтып, өзін-өзі қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті индустриалды өңірге айналдыруға берік негіз қалап отыр.
Алдағы жылдары жүзеге асатын ірі жобалар мен бастамалар Түркістан облысының әлеуетін одан әрі арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға және өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қызмет ететіні сөзсіз.
