ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен жаңа жылдың алғашқы аппарат отырысы өтті. Онда 2025 жылға арналған қала бюджетін игеру қорытындылары қаралып, 2026 жылғы мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу мәселелері талқыланды.
Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала бюджетінің негізгі көрсеткіштері орындалғанын, басым бағыттарға қарастырылған қаржылардың толық игерілгенін баяндады. Қала бюджетінің кірісі жоспардың 99,6 пайызына орындалғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, бюджеттің меншікті кірісі артығымен орындалып, шығыс бөлігі 99,4 пайызға игерілген. Қаражаттың қалғаны негізінен республикалық кредиттердің түспеуіне байланысты қалыптасқан.
Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков баяндамасында мәслихаттың шешіміне сәйкес Шымкент қаласының 2026 жылға арналған бюджеті бекітілгенін айтты. Мемлекеттік сатып алуларға дайындық аясында бүгінде 315 мекеменің жылдық жоспарлары бекітіліп, веб-порталға орналастырылған.
Күнделікті және апталық қажеттіліктерге арналған тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурстар жарияланған. Байқау рәсімдерінің уақтылы өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге конкурс құжаттамасын белгіленген мерзімде тапсыру тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің уақтылы әрі сапалы өткізілуін бақылауды күшейтуді, конкурс рәсімдерінің бұзылмауын және мерзімдердің созылып кетпеуін қадағалауды талап етті. Сонымен қатар, аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларына қоқысты уақтылы жинау және тасымалдау жұмысын күшейту, аумақтарды таза ұстау тапсырылды.
