88 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Қазақстанда 652 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның 256 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағылар. Десе де бұл ресми тіркелгендері. Ал, үй кезегіне тұра алмай, пәтер жағалап жүргендерде есеп жоқ.
Көптеген дамыған мемлекеттерде жекеменшік баспана алуды шарт санамайды. Тек жалға алу тәртібімен өмір сүріп жатқандар жетерлік. Сол сияқты ипотекалық жүйе жақсы жолға қойылған елдер жоқ емес. Ал, Африка, Египет, Үндістан, Вьетнам сынды ыстық жерлерде «лашық та болса өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп үйге мән бермейтіндердің қарасы қалың. Сондай-ақ, жұртына үйлі-жайлы болуға тиым салған биліктер бар екен. Қытай сияқты алып мемлекетте қаңырап тұрған қала табылған. Қызық, иә?
Ал, бізде екінің бірі жеке баспаналы болғысы келеді. Бұл кеңес өкіметінің қазақты отырықшылыққа мәжбүрлеуінің арқасында қалыптасқан материализмнің көрінісі. Бір басында 450 баспанасы бар байларды да көрдік. Сондайларға қарап үйсіз-күйсіз күнелткендер күйінеді.
Әйтеуір, біраздан мемлекет қолға алып тұрғын үйлер салынып, пайдалануға беріліп келеді. Қанша үй салынса, соның бәрі толып қала береді. Жалға алса да, жанталасып пәтерлі болып жатқан бір адам.
Жалға берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіруге рұқсат етілетін заң да қабылданды. Жуырда Президент мүгедек баласы барларды беталды пәтерден қууға тиым салды.
Он үйі бола тұра, бір үйіне бір туғанын сыйдырмайтын әдетіміз де бар. Сұраныс туындаса пәтерақысын шарықтатып жіберетініміз тағы бар. Әйтеуір, әр қазақтың бір арманы баспаналы болу екені ақиқат. Сондықтан бір қазақ үйлі-баранды болса қуанып қаламыз.
Бүгін Түркістанда тұрғын үй кезегінде тұрған 88 отбасыға пәтер кілті табысталды. Үш қабатты «Яссауи» тұрғын үй кешенінің аумағында ойын алаңшасы, автотұрақ бар. Инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Жалпы облыс орталығында тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығында тағы 5 қабатты 20 тұрғын үй бой көтеріп келеді. Бұйырса 2 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды.
Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Сонымен қатар осы жылы жалпы 191 үй салу жоспарланған. Бүгінде 159 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Тұрғындарды баспанамен қамтуда еліміз бойынша Түркістан қаласы алдыңғы қатарда. Шаһарда соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2558 азамат баспаналы болды. Жаңа шағынаудандар пайда болып, тозығы жеткен тұрғын үйлер ретке келтірілді.
Қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстау рәсіміне облыс және қала басшылары, мәслихат төрағалары қатысты.