ПРЕЗИДЕНТ: — Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс.

Президент Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.

Геологтардың ерен еңбегінің арқасында Қазақстанда көптеген кен орындары ашылған. Олардың тағылымды еңбек жолы әрдайым жас ұрпаққа үлгі. Президент мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атап,  мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады.

Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз, – деді, Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мұнай-газ саласында 250 мыңға жуық адам жұмыс істеп жүр. Президент тапсырмасына сәйкес сала өнеркәсібі заман талабына сай дамып, өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп, экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасып, Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Жанар-жағармай өнімдерінің көбі өзімізден шығатындықтан, еліміз әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналып, дүние жүзіне белгілі брендке айналды. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түсті.

Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, Chevron, ExxonMobil, CNPC, Eni, Shell, ЛУКОЙЛ, Total және Sinopeс сияқты жетекші әлемдік мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға ерекше ықпал етіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан бұл салада ашық және жан-жақты ойластырылған саясат жүргізу арқылы жаһандық экономикаға дендеп еніп, үлкен көлемде инвестиция тартып жатыр, – деді.

Мемлекет басшысы энергетика саласының түбегейлі өзгергеніне, логистика, экология мәселелерінің маңызы артқанына назар аударып, бұл секторда алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар міндетке тоқталды.

Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет. Мұнай өңдеу секторын дамыту маңызды. Заманауи экологиялық стандарттарға сай мұнай өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз ету керек. Мұнай-газ химиясының да келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Атырауда ашылған полипропилен зауытын тілге тиек етіп, осы саладағы басқа да жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

  Біз өңделу деңгейі жоғары өнім шығару мүмкіндігімізді еселей түсуіміз керек. Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Бұл – ауқымы кең сала. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Аталған секторда қызмет ететін ірі кәсіпорындар отандық кәсіпкерлердің өнімдерін өз қажетіне жаратуға басымдық бере отырып, жергілікті үлесті кезең-кезеңімен арттыра беруі қажет. Әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымның дамуына қомақты үлес қосу – негізгі міндет. Білікті мамандар даярлауға баса мән беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.