КІРІС КӨЛЕМІН КӨБЕЙТУ КЕРЕК

Түркістан облысында бюджеттік түсімдер мен кіріс көлемі көбейіп келеді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен мәжілісте мәлім болды.

1 наурыздағы есеп бойынша жергілікті бюджетке 44,6 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 180,7%-ға орындалған. Осылайша өңір республика деңгейінде 5-ші орынға шығып отыр.

Аймақ басшысы қаржы саласындағы мәселелер, облыстың өзіндік табысы мен кіріс көздерін ұлғайту бағытында жоспарды жандандыра түсуді тиісті басқарма басшыларына тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдегі халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту міндетін жүктеді. Қаржы және салық саласындағы жұмысты жандандыра түсу қажет. Кіріс көздерін ұлғайтыңыздар. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе жұмыс атқарсын. Біз Түркістан өңірінің өзіндік табысын арттыруымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқарма бастығының айтуынша, жоспардың артығымен орындалуы 8,1 млрд. теңге көлеміндегі табыс салығы мен 1,7 млрд. теңге меншік салығынан түскен. Оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарынан – 1,7 млрд. теңге және өзге де түсімдер есебінен төленген. Салықтық түсімдер бойынша бюджетке 38,5 млрд. теңге түссе, салықтық емес түсімдер бойынша 4,6 млрд. теңге түсіп, жоспар артығымен орындалған.