ПРЕЗИДЕНТ ТҮРКІСТАНДА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда Түрікменстан халк маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхаметовпен бейресми кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ мекенге келгені үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Өз кезегінде Халк Маслахатының Төрағасы Президентке киелі Түркістанда қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.
– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша сан қырлы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланды. Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктері қарастырылды.