ТӨРАҒА ТАНЫСТЫ

Түркістан облысында шегіртке мен ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы күрес үздіксіз жүргізіліп жатыр. Күні бүгінге дейін 866,7 гектар жер зерттеліп, оның 359,8 мың гектары дәріленген.

 

Залалсыздандыру жұмыстарын бақылау және өзекті мәселелерді талқылау мақсатымен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбіш Келес ауданына қарасты Бірлік ауылдық округіне арнайы барды. Аумақтағы ахуалды аудан әкімі баяндап берді.

Келес ауданы бойынша бекітілген 17 секторға 85 бүрку техникасы мен 123 аспалы бүріккішпен қамтылған. Күреске  447 анықтаушы жұмылдырылған. Аймақтағы шаруа қожалық иелері де бұл науқанға шет қалмапты.

Мамандардың айтуынша  зиянкестермен күреске Арыс қаласы бойынша Қожатоғай, Ақдала, Монтайтас, Дермене ауыл округтеріне 22, Сарыағаш ауданы бойынша Әлімтау, Дарбаза, Жылға, Тегісшіл, Қызылжар, Дербісек, Жібек жолы, Ақжар ауыл округтеріне 15, Келес ауданы бойынша Бірлік, Жамбыл, Бозай, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек, Қошқарата ауыл аймақтарына 17 жұмысшы топ тартылған.

 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, дернәсілдер анықталған аймақтар бойынша Арыста – 46, Келесте – 26, Сарыағашта 13 техника алқаптарды дәрілеуге қатысуда. Зиянкестерге қарсы дәрі мен су және жанар-жағармай тасымалы жеткілікті.

Мәслихат төрағасы шегірткемен күрестің депутаттардың да бақылауында болатынын жасырмады. Сондықтан бұл жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарауға және тындырымды атқаруға шақырды. Себебі облыс экономикасының дамуына ауыл шаруашылығы елеулі үлес қосып келеді. Егіс алқаптарының мүмкіндігінше зиянкестерден зиян шекпеуін қамтамасыз ету керек.