ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА

Түркістан облысына қарасты жағажай аумақтарында қауіпсіздік және тазалық шаралары күшейген. Шардарадағы жағажайда осыған дейін анықталған кемшіліктер түзетіліп, демалушыларға жайлы жағдай жасалып жатыр.
Облыс әкімі «Шардара» су қоймасының жағалауында орналасқан бірқатар демалыс орындарын кезекті рет аралап, өткен сапарда берілген тапсырмаларының орындалуын пысықтады.
Нұралхан Көшеров
– Тазалық пен қауіпсіздік – туризмді дамытудың бір тетігі. Демалушыларға, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді.
Жағажайларға мониторинг жүргізіліген. Нәтижесінде, 409 сәкінің 171-і талапқа сай болмағандықтан алынып тасталды. Қалған 238 сәкі су жағасынан 50 метрге жылжытылды. Бүгінде мұнда 6 биоәжетхана, 160 қоқыс жәшігі, және 10 киінуге арналған кабина орнатылды. Тазалық жұмыстарына 11 техника, 80 жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар жағалаулардың түбін тазалау жұмыстары атқарылды. Орман шаруашылығымен 5 келісімшарт тоқтатылды, полиция қызметкерлері тарапынан 196 құқықбұзушылық анықталып, жалпы 36 хаттама толтырылып, тиісті айыппұлдар салынды. 1 демалыс орнына тексеру жүргізіліп, талапты бұзғаны үшін сотқа материал жолданды. Кәсіпкерлер де заң шеңберінде жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қалқымалы қауіпсіздік белгілері орнатылған. Жалпы су қоймасының көлемі 5,2 млрд. текше метр. Ал ұзындығы 80 шақырымды құрайды.
Аймақ басшысы жауаптыларға демалуға қолайлы жағдай жасап, шомылу маусымын ойдағыдай атқаруды тапсырды.
Өткен 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген. «E-qonaq» жүйесіндегі деректерге сәйкес, биылғы 5 айда Түркістан облысына 18699 шетелдік турист келген. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 2 есе көп. Әсіресе, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан елдерінен саяхатшылар көп келген.