СУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Облыс әкімі өңірдегі Арыс, Келес, Қазығұрт, Отырар және Шардара ауданындағы каналдар мен су нысандарын әуеден бақылады. Шардара ауданындағы «Шардара» су электр станциясының жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ, Шардара ауданы мен қаласын ауыз сумен қамту мәселелері бойынша мамандармен кеңесті. Шардара қаласының бас су торабындағы жұмыстарды өз көзімен көріп, аудан әкімі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Нұралхан Көшеров 

Биыл «Шардара» су қоймасында су көлемі аз. Бұл ауданды сумен қамту ісіне кедергі келтірмеуі керек. Ауыз суға қатысты жобаларды сапалы атқаруды және қадағалауда ұстауды тапсырамын, – деді.

 

«Шардара» су қоймасында су көлемі төмендеген жағдайда, қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Жалпы қалада 31 883 халық немесе 6 376 тұрғын үй бар. Сырдарияның оң жақ бөлігіндегі 12 ықшам ауданда 26 683 халық немесе 5336 тұрғын үй бар. Су көзі – «Шардара» су қоймасы. Сырдарияның сол жақ бөлігінде Өтеғұл шағын ауданында 5 200 тұрғын немесе 1040 тұрғын үй бар. Су көзі – ұңғыма арқылы келетін жер асты суы.

 

«Шардара» су қоймасындағы судың көлемі шамадан тыс азайған жағдайда қаланың бас су торабында пантон орналастырылып, пантон үстіне қуаттылығы сағатына 500 текше метр болатын арнайы насос орнату арқылы, төмен деңгейдегі суды жоғары шығару жоспарлануда. Сонымен бірге бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін сол аумаққа жақын жерден жер асты суын алу жолдары қарастырылды. Қазіргі таңда, бас су торабынан 1,5 шақырым жерде тереңдігі 80-100 метр 2 ұңғыма бұрғылау жоспарланып, 1 ұңғыманың тиісті жұмыстары басталды.