МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУҒА КІРІСТІ

Түркістан облысында жалпы тіркелген мал саны 6 млн-ға жуықтаған. Мал азығының қажетті қорын қыс басталмай жатып дайындау пысықталды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ауыл шаруашылық басқармасына тиісті тапсырмаларды жүктеді. Мамандардың мәлімдеуінше, өңірде бүгінгі күнге дайындалған мал азығы болжаммен 4 млн. тоннаға жуықтаған.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары ықтимал тәуекелдерді ескеріп, аудан-қалалардың қажеттілік кестесін әзірлеуді тапсырды. Ақмола облысымен түзілген келісімге сәйкес, арзандатылған кебек тасымалын қыркүйек айынан кешіктірмеуді ескертті. Сондай-ақ, шаруаларға мал жаюға және шөп оруға орман қоры аумағында орналасқан шабындықтардан пайдалану мүмкіндігіне қарай жер ұсыну мәселесін көтерді.
Мал қыстату кезеңін қалыпты деңгейде өткізу үшін аудан-қала әкімдіктерімен бірлесе отырып қадамдық жоспар түзу келісілді.