ТУРИСТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Түркістан облыстық мәслихатыныңтөрағасыНұралыӘбішовбастаған уақытша депутаттық комиссия мүшелері өңірдегі туристік нысандарының жай-күйімен танысуды жалғастырып жатыр. Депутаттар «Қаратау» қорығындағы «Хантағы» туристік-рекреациялық аймағына барды.
Ерекше табиғатымен эко-туризмді дамытуға қолайлы мекенде «Визит» орталығын салу жоспарланған. Жоба келер жылы басталады, құны — 150 млн теңгені құрайды. Визит орталық PROGREEN жобасы шеңберінде іске асырылатын болады деп күтілуде.
Орталықты салуға арнайы жер керек. Халық қалаулылары бұл бағытта тиісті шаралар атқарылып, мәселенің оңынан шешілуіне ықпал жасайтындарын жеткізді. Сондай-ақ, депутаттар «Хантағы» туристік-рекреациялық аймағын насихаттау, келушілер үшін сапалы қызмет көрсету, ұлттық нақыштағы және заманауи бағыттағы демалыс орындарын арттыру және тазалыққа ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.
Уақытша комиссия Түркістан қаласындағы туристік-рекреациялық аймақтың да жай-күйімен танысты. Жоба Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда.
«Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу жобасы жасанды көл мен жағажай аумағы бар көпфункциялы туристік аймақты құруды қамтиды. Жоба аясында екі кезең қарастырылған: І кезең – саябақ салу, аумақты функционалды аймақтарға бөлу, белсенді демалыс аймағы, балалар ойын алаңы,спорт инфрақұрылымы болса, ІІ кезең – «Шаға» көлінің және оған іргелес туристік аумақтың инженерлік инфрақұрылымын салу. Жобаның жалпы сметалық құны 9,3 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 9,1 млрд теңге келісімшарттар аясында қарастырылған.
Қазіргі уақытта «Gold Fish City Turkistan» ЖШС жеке серіктесімен жағажай аймағын дамыту, туристік қызмет көрсету, қонақүй және мейрамхана инфрақұрылымын салу мәселелері бойынша белсенді келіссөздер жүргізілуде. Инвестор тарапынан салынатын болжамды инвестиция көлемі – 5 млн АҚШ долларын құрайды.
«Шаға» жасанды көлінің сумен қамтылу жағдайы мен жұмыс істеуі тұрақты деңгейде. Көл жыл сайын көктемгі және күзгі кезеңдерде Кенсай-Коскорган-2 су қоймасынан Түркістан магистралдық каналы арқылы келетін су есебінен толтырылады. Кенсай-Коскорган-2 су қоймасы Түркістан қаласындағы ескек есу каналының да су көзі болып табылады. Осылайша, «Шаға» көлі мен ескек есу арнасы бір сенімді су көзінен қоректенеді, бұл нысандардың су тапшылығы мәселесін болдырмайды.
Жобаның мақсаты – ішкі туризмді дамыту, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру, өңір тұрғындары мен қонақтарына демалыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ су тасқыны суларынан қорғануды қамтамасыз ету.
Депутаттардың бұл сапарлары алдағы сессияға әзірлік. Кезекті сессияда облыстық туризм басқармасы басшысының есебі тыңдалады.