ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТЕТІКТЕРІН ТАЛҚЫЛАУ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Қала әкімдігінде өткен кеңесте Жолдауды жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Мәжіліске Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

Қала әкімі Президенттің әрбір Жолдауы ел дамуының нақты бағытын айқындап, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтатынын атап өтті.

 

Ғабит Сыздықбеков 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің экономикалық өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына, ғылым мен технологияны дамытуға, әділетті қоғам орнатуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Президент жүктеген міндеттердің барлығы халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Жолдауда экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері айқын көрсетілді. Президенттің алға қойған міндеттері еліміздің жаңа дәуірдегі дамуының берік іргетасы. Бұл мақсаттарға жету үшін әрбіріміз табандылықпен еңбек етіп, елдің игілігіне үлес қосуымыз қажет, – деді.

 

Шымкент қаласы Жолдаудағы маңызды міндеттерді жүзеге асыруға дайын. Қала экономикасын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Шаһар басшысы инвестиция көлемін арттыруда, «Smart Shymkent» жол картасы шеңберінде пилоттық шешімдерді іске қосуда, көлік-логистика саласын, білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуда басқарма басшыларына нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.