ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНА 25 ЖЫЛ

Шымкенттегі жүрек орталығына 25 жыл толды. Осыған орай «Инновациялар, технологиялар және әлемдік тәжірибе: кардиохирургияның болашағы біздің қолымызда» атты халықаралық конгрес өтті.

Онда заманауи тәжірибелер мен озық шешімдер талқыланды. Атап айтқанда кардиохирургиядағы инновациялық технологиялар, аз инвазивті және роботтық-ассисентті операциялар, 3 D модельдеу және навигациялық жүйелер; халықаралық ынтымақтастық, технологиялар трансферін қамтамасыз ету; болашақ кардиохирургтар мен зерттеушілердің кәсіби әлеуетін дамытуға арналған бағдарламалар мен платформалар құру мәселесі қаралды.

Келелі кеңес медицина ғылымын дамытуға, өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтуға және халыққа көрсетілетін кардиологиялық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Кардиохирургия медицинаның маңызды саласы болғандықтан, жетілдіруге күш салу үздіксіз ізденісті талап етеді.

Конгреске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, орталықтың ширек ғасырлық еңбегін атап өтті. Басты қонақтар мен спикерлер қатарынан ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, академик Юрий Пя, медицина саласының маманы Елжан Біртанов табылды.

 

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Шымкент жүрек орталығы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім өңірдегі ғылыми әріптестікті нығайтып, кардиология саласындағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

 

Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен орталық базасында «Кардиологиялық перспективалық зерттеулер» орталығы ашылды. Оның бастамашысы – белгілі кардиохирург, академик Юрий Пя. Жаңа ғылыми орталық елімізде алғаш рет іске қосылып, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеу бағытында жұмыс істейді. Ғылымда зор жетістікке жетіп, тың жаңалықтар ашу үшін ғылыми зерттеулер жүргізу Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалымдардың алдына қойған маңызды міндеттің бірі.