ПРЕЗИДЕНТ ПАРЛАМЕНТТІК РЕФОРМА ЖӨНІНДЕ ҰСЫНЫСТАРЫН АЙТТЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында қатысып, өз ұсыныстарын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
— Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді.
Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс.
Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек.
Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек.
Бірқатар елде қазірдің өзінде «электрондық немесе цифрлық парламент» элементтері сынақтан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады.
Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін.
Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек.
Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі.
Жұмыс тобы өз міндетін нағыз кәсіби ұстанымға сай атқаруға тиіс. Атап айтқанда, «E-Otinish» және «E-Gov» порталдары арқылы келіп түскен барлық ой-пікірді сараптап, зерделеу қажет. Біз Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруіміз керек,- деді.
