ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қалалық әкімдігінде аппарат отырысы өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Күн тәртібінде тоғыз айда мемлекет кірісіне өндіру бағытында сот орындаушыларының атқарған жұмыстарының қорытындысы, қаладағы эпидемиологиялық ахуал және көгалдандыру ісінің барысы қаралды.
Қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, жыл басынан бері Шымкентте сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет пайдасына өндіру туралы 187 мыңнан астам атқару құжаты болған. Оның 70 мыңнан астамы аяқталған, ал нақты орындалғандарының үлесі 69,7 пайызды құрайды. Бұл санат бойынша өндірілген қаражат көлемі 2,3 миллиард теңгеге жеткен.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Серманизовтың айтуынша, қалада санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жұқпалы аурулардың өршуі тіркелмеген. Қаланың барлық аймағында профилактикалық және дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық шаралар тұрғындардың денсаулығын қорғауға және аурудың алдын алуға бағытталған.
Қаладағы бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында салынып жатқан «Экопарк» аумағында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Демеушілердің қолдауымен 5 мың ағаш отырғызылып, газондарды суару үшін 9 ұңғыма бұрғыланады және 13 гектар аумаққа автоматты суару жүйесі орнатылады. 1 800 жеміс талдар егіліп, 8 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізіледі.
Көктемгі ағаш отырғызу маусымында жаңа шағынаудандар мен басты көшелерде 3 мың көшет егілген. Ал күзде қосымша 7 800 түп көшет отырғызу жоспарланған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаладағы негізгі көшелер мен саябақтарда 22 мыңнан астам көпжылдық гүл егілген.
Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басшыларға қойылған міндеттердің орындалуын қатаң бақылауға алып, барлық жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
