ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕГЕН
2025 жылы облыс тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Жұмыспен қамту картасы аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл республика бойынша жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрайтын, ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың қорытындысымен 147 719 азамат жұмыспен қамтылып, өңір жоспарды артығымен орындап отыр. Оның ішінде 100 046 тұрақты жұмыс орны құрылса, 47 673 уақытша жұмыс орны жасақталған. Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға төмендеген.
Жұмыссыздықты жою және жұмыспен қамту мәселелері мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту және өндіріс орындарын ашу ең негізгі міндет екенін ескертіп, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді жүктеді.
Нұралхан Көшеров:
– «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясындағы міндеттерді сапалы орындауды, жұмысқа орналасқан азаматтарға міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын қадағалауды тапсырамын. Субсидияланатын жұмыс орындарына, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасына тартылған тұрғындар нақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма өңірдегі кәсіпорындарды түгел аралап, штаттық кестесін, қанша жұмыс орны қажет екенін анықтап, халықты еңбекке тартыңыздар. Жұмысты үйлестіріңіздер. Тұрғындарды қолдауымыз керек, түсіндіру жұмыстарын жандандырыңыздар, – деді.
Жұмыспен қамту жоспарын орындамаған аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалып, ескерту алды.
2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды (54481 – тұрақты, 20035 – уақытша) жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 40 588 адам бос жұмыс орындарына жолданса, 2472 тұрғын ұлттық жобалар негізінде ашылатын жұмыс орындарына тартылады. 11476 тұрғын «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы, ал 18530 адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылады деп жоспарланған. 1450 адамға грант беру көзделіп отыр.
Тұрғындар өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, туризм, ауыл шаруашылығы салаларына жолданады. Оның ішінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» компанияларына тағы мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналастырылады деп күтілуде.
