ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісінде өңірдің туристік әлеуетін көтеру жолдары қаралды. Кеңес жұмысына сала басшылары, жауапты басқарма өкілдері мен инвесторлар қатысты. Аймақ басшысы әрбір жобаға жіті көңіл бөліп, сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.

Нұралхан Көшеров: 

– Арнайы экономикалық аймақта салуға ұсынылған жобаларды қолдаймыз. Бірақ жауапты басқарма мен мамандардың сараптауынан өтуі тиіс. Егер құрылыс уақтылы басталмаса, жер қайтарып алынады. Аудандардың сәулетін жақсарту, абаттандыру жайлы кеңістік қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарды да терең талдап, уақтылы жүзеге асыруды тапсырамын, – деді.

Күн тәртібіне өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған 13 мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданы көшелерін және «Рамадан» каналы бойын абаттандыру жобалары, Көктерек кентінің даму концепциясы мен санаторий орталығының жобасы қаралды. Сондай-ақ Отырар ауданының сәулеттік келбеті мен инвестор есебінен салынуы жоспарланған кешенді жоба қаралды. Оның ішінде Отырар қалашығын орта ғасырдағы үлгісіне сай етіп салып, туристер тарту жобасы ұсынылды.

Ал тағы бір инвестор Отырар ауданынан шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы мен ежелгі Отырар кітапханасы аңызын жандандырып, кітапхана мен мұражай салып, арнайы туристік орталық ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға ниет білдірді. Отырар мен Сауран арасында саяхатшылар үшін түйе керуенін үйлестіру жоспарын да жасырмады. Бұл жоба зерделеніп, жүзеге асыру жолдары қаралады.

Сонымен қатар Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынатын ресторан, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені мен қонақүй жобалары, медициналық туризм нысаны, Түркістан қаласындағы «қала ішіндегі қала» ұсынысы назарға алынды. Оған қоса Түркістандағы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру және 20 ғасырға тиесілі көне ғимараттарын реттеп, туристік орталықтарға айналдыру мәселесі де талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи және ұлттық нақыштың үйлесуіне, тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін қадап айтты.