«AI STARTUP HUB» ИННОВАЦИЯЛЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында цифрландыру және жасанды интеллектке негізделген жобаларды дамытуға арналған «AI STARTUP HUB» инновациялық кеңсесі ашылды. Сонымен қатар университет мамандары әзірлеген AI-Jan жобасын өңірлік деңгейде енгізу бойынша ведомствоаралық меморандумға қол қойылды.

Іс-шара Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау бастамасы аясында өтті.

«AI STARTUP HUB» – университетте жасанды интеллект жобаларын әзірлеу, инновациялық кәсіпкерлікті дамыту және стартаптарды қолдауға бағытталған жаңа алаң. Кеңсе оқу орнының Өкілетті Кеңесінің қолдауымен жабдықталған.

Жиында AI-Jan жобасын өңірде енгізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты – жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік маңызы бар салаларға енгізу және «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру.

AI-Jan – білім беру ұйымдарындағы буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану, құқықбұзушылық тәуекелдері мен суицидтік қауіптерді ерте анықтауға арналған цифрлық платформа. Платформа анонимді хабарлама қабылдап, тәуекелдерді жасанды интеллект арқылы талдайды.

Жоба алдағы уақытта Түркістан облысындағы мектептер мен колледждерде кезең-кезеңімен енгізілмек.

Сонымен қатар іс-шара барысында ATARINO компаниясымен онлайн форматта ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа компанияның негізін қалаушы Ардақ Құсайынова мен университет ректоры Жанар Темірбекова қол қойды.

Бұл келісім университеттің стартап экожүйесін халықаралық деңгейге шығарып, бірлескен инновациялық жобаларды дамытуға және отандық стартаптарды әлемдік нарыққа ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Жаңа инновациялық кеңсе университетте жасанды интеллект пен стартап жобаларын дамытуға серпін беріп, жас зерттеушілер мен студенттердің технологиялық бастамаларын халықаралық деңгейге шығаруға жол ашады.