ЗАМАНАУИ СЕРВИСТІК ОРТАЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан қаласында халықаралық көлік дәлізі бойында автокөлік компрессорлық газ құю станциясы (АГТКС) бар заманауи жол бойы сервистік орталық пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдилдин, жобаны жүзеге асырған «Компрессорные технологии-3» ЖШС құрылтайшысы Болат Бушанов және сала өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, Түркістан облысының әкімдігі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық таза отынды дамытуға және халықаралық транзиттік бағыттар бойындағы сервистік қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобаны «Компрессорные технологии-3» ЖШС жүзеге асырды. Компанияның құрылтайшысы – «Алаш Метан» ЖШС. Жобаның мақсаты – автокөлікке арналған компрессорлық газ толтыру станциялары бар жол бойы сервистік пункттер желісін құру арқылы нарықта экологиялық таза сығылған табиғи газды дамыту.
Кешен халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойында орналасқан. Бұл бағыт Қазақстан аумағындағы негізгі транзиттік жолдардың бірі саналады және Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларын байланыстырады. Енді ірі автобустар мен жүк көліктері осы орталықтан жанармай ала алады.
Сығылған табиғи газды пайдалану дәстүрлі бензин мен дизель отынына қарағанда үнемді әрі тиімді. Сонымен қатар, атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайтуға ықпал етеді.
Станцияның жобалық қуаты сағатына 2000–2400 текше метрді құрайды. Бұл тәулігіне шамамен 250 автокөлік құралын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жол бойында көлік жүргізушілеріне сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге жағдай жасалған.
Түркістанда іске қосылған жаңа автогаз құю станциясы өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық транзиттік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және жол бойындағы сервистік қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.
