КЕҢЕСШІ КЕЗДЕСТІ
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, Ордабасы және Сауран аудандарының тұрғындарымен кездесті. Сапар аясында ол алдымен Темірлан ауылындағы Ордабасы аудандық «Өнер» мектебінің қызметімен танысты.
Өз кезегінде Мәлік Отарбаев елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік реформалар туралы айтып, олардың басты мақсаты – мемлекеттілікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам қалыптастыру екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өз ойымен бөлісті.
Кездесу тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Дәл осындай кездесу Сауран ауданы Ескі Иқан ауылында да өтті. Оған аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен жастар қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызы мен ел дамуының жаңа кезеңі туралы айтылды. Әсіресе, конституциялық өзгерістердің мәні, оның мемлекет тұрақтылығын нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлі кеңінен түсіндірілді.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті күшейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа конституциялық бастамалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жетілдіріп, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға жаңа мүмкіндік беретінін айтты.
Ашық пікір алмасу форматында өткен шара барысында қатысушылар реформалардың мәні мен қоғам дамуына ықпалы жөнінде ойларымен бөлісті. Жиын соңында қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістер елдің тұрақты дамуына негіз болатынын атап өтіп, мемлекет жүргізіп отырған реформаларға қолдау білдірді.
