ІРІ ЗАУЫТТАР АШУ ЖАЛҒАСАДЫ

Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтар ашылған. Дайын өндірістік алаңдардағы өндіріс орындары инвесторларға ұсынылады.

Биыл «Turan» арнайы экономикалық аймағында 315 млрд теңгеге 26 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 6,5 мың  адам жұмыспен қамтылады.

Күні бүгінге 5 жоба іске асты. «Turan» арнайы экономикалық аймағы үшін Сауран ауданынан 365 гектар қосалқы аумақ қарастырылып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

 

Өңір әкімі Нұралхан Көшеров «Turan» арнайы экономикалық аймағының Сауран ауданындағы аумағын аралап көрді. Жобалардың өндіріс қуатын арттыру, технологиялық жаңғырту және өнім сапасын жақсартуға назар аударды.

 

Сауран ауданы «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы 6,5 гектар жерде «Bereke plastic» компаниясының бірреттік ыдыс-аяқ өндіретін зауыт салынуда. Инвестиция көлемі – 7 млрд теңге. Жазда ашылатын зауытта 65 адам жұмыс істейтін болады. Мұнда  құрылысшылар мен жұмысшыларға арналған 200 шаршы метр жатақхана бар. Айналасы қоршалып, тағы бір жатақхана және әкімшілік ғимараты, негізгі өндірістік ғимараттың қаңқасын тұрғызу аяқталды.

 

Сондай-ақ, мұнда «Diamond steel co.ltd» ЖШС-ның алюминий мырышпен және түрлі-түсті бояумен илектелген болат өндіру зауыты бой көтеріп келеді. Жоба құны 41 млрд теңге. Зауытта 400 жаңа жұмыс орны құрылады.

 

Сол сияқты «Orzax Central Asia» компаниясы биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндіретін зауыт ашады. Жоба құны – 25 млрд теңге. Кәсіпорын 2027 жылы толық іске қосылып, 250 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

 

Ал «Кентау көпсалалы зауыты» ЖШС машиналар мен жабдықтарды, бөлшектер мен тораптарды өндірмек. Жоба екі кезеңмен 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Мұнда 25 жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде кәсіпорынның құрылыс жұмыстары 50 пайызға аяқталған.

 

Нұралхан Көшеров өңір экономикасын әртараптандыруда және инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймақтардың маңызы зор екенін атап өтіп, жауаптыларға жұмысты ширату бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

 

Облыс әкімі Жүйнек ауылдық округіне барып, «Asia Brand» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. Жоба құны 1,1 млрд теңгені құрайты. Қуаттылығы – 25 000 дана. Зауытта 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

 

Аймақ экономикасын әртараптандыру мақсатымен былтыр 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.  Биыл 444 млрд теңгеге 66 жаңа жоба жүзеге асырылмақ.