ЖАҢА ЖЫЛДЫ ЖАҢА БАСПАНАДА ҚАРСЫ АЛАДЫ
Шымкенттік 50 отбасы Жаңа жылды су жаңа пәтерде қарсы алады. Ұлыстың ұлы күніне күтпеген сый болды.
Қазақстан халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Мегаполисте апта сайын, кезектерін жылдап күткендер баспаналы болып жатыр.
Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі табыстап, тұрғындарды құттықтады. Сондай-ақ, баспана мәселесін шешуде мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Көп қабатты үйлер Бозарық шағынауданында бой көтерген. Пәтерлер үй кезегінде тұрған және «Отбасы банк» АҚ «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының талаптарына сәйкес төлем қабілеттілігі расталған азаматтарға берілді.
Пәтерлерді үлестіру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтары ескерілді. Ол санатта көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері де бар.
Шымкент тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету жүйелі түрде жалғасады. Бұл міндетін құрылыс көлемін кезең-кезеңімен арттыру және мемлекеттік бағдарламалардың қамту аясын кеңейту арқылы іске асады.
