ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Ақордада Президент төрағалығымен еліміздің 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру нәтижесі қорытындыланды.

Үкімет негізгі көрсеткіштер бойынша межелердің орындалуын баяндады. Сонымен қатар бірнеше салалық мемлекеттік орган басшылары негізгі бағыттар бойынша есеп берді.

Мемлекет басшысы геосаяси жағдайды назарға ала отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін жан-жақты қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасының 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы талқыланды.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды бөлігі болып саналатын бұл құжат алдағы бес жылда туындауы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың негізгі тетіктерін айқындайды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сенімді қорғауға мүмкіндік бергенін айтты.

Аталған стратегия конституциялық қағидалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етіп, мемлекеттің тұрақты әрі серпінді дамуына негіз болады.

 

Президент ұлттық мүддені қорғау міндеттерін тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың қатарында, атап айтқанда, қорғаныс әлеуетін нығайту; азаматтарды, табиғатты және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін күшейту; киберқауіпсіздік шараларын жетілдіру және әлеуметтік-экономикалық саладағы қауіптерді төмендету мәселелері бар.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім беру және технология салаларында сұранысқа ие жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жедел түрде әзірлеуді тапсырды.