224 ЗИЯНДЫ САЙТ БҰҒАТТАЛДЫ
Елімізде 2026–2028 жылдарға арналған есірткіге тәуелділік пен заңсыз есірткі айналымына қарсы кешенді жоспар қабылданды. Осыған сәйкес, Түркістан облысында есірткі қылмыстарының алдын алу және оның таралуына тосқауыл қою бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында белгіленген міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту және әділдікті сақтау мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды үйлестіруге арналған ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға өңірлік штаб мүшелерімен қатар, аудан және қала әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы аталған бағыттағы жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, қоғам болып бұл қауіпке қарсы тұрудың маңыздылығын атап өтті.
Облыстық полиция департаментінің деректеріне сәйкес, есепті кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 78 құқықбұзушылық тіркелген. Нәтижесінде айналымнан 7 келі 34 грамм есірткі тәркіленді. Жалпы, есірткі қылмыстарының деңгейі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.
Жыл басынан бері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Киберқадағалау» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні насихаттайтын 224 интернет-ресурстың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, есірткі саудасына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 454 банк картасы анықталып, олардың қаржылық операцияларына шектеу енгізілді.
Кеңес барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар сараланып, жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктелді.
