Е-ӨТІНІШПЕН ЖАЗЫҢЫЗ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бекітілген кестеге сәйкес Азаматтарды қабылдау орталығында өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан жер қатынастарын рәсімдеу, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізу және өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелер көтерілді.
Сарыағаш ауданы тұрғындары жерді заңдастыруға байланысты туындаған түйткілдерді жеткізіп, құқықтық тұрғыда көмек сұрады. Сондай-ақ жылыжай шаруашылығын дамытуға қатысты субсидия алу мәселесі бойынша жүгінген азаматқа қолданыстағы талаптар түсіндіріліп, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берілді. Бұдан бөлек, қабылдау кезінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар ұсыныстар мен өтініштер қаралды.
Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған Нұрбол Тұрашбеков жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Облыс басшылығы тарапынан азаматтарды жеке қабылдау тұрақты негізде жүргізілуде. Қабылдауға жазылу eGov.kz порталы, e-Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына тікелей жүгіну арқылы жүзеге асырылады.
