АПТАЛЫҚ АЯСЫНДА

Қызылорда тас жолы бойындағы «Қарашық» өзенінің аумағында «Мөлдір бұлақ» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтті. Тазалық шарасын Түркістан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Қоршаған ортаны қорғау, су көздерінің тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру — бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Апталыққа Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Нәрікбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбеков Қыдырәлі арнайы қатысты. Сондай-ақ, қаланың дербес бөлімдері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары мен мекемелері, сондай-ақ 6 сектордан құралған жұмыс топтары қатысып, жалпы саны 300-ге жуық адам жұмылдырылды.

Өзен жағалауын санитарлық тазарту, тұрмыстық қалдықтарды жинау, қоқыстарды арнайы орындарға шығару және аумақты абаттандыру жүргізілді. Сонымен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптау, аумақты ретке келтіруге ерекше мән берілді.

Іс-шара соңында сенбілікке белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдіріліп, арнайы сый-сыяпаттар табысталып, арнайы дастархан жайылды. «Мөлдір бұлақ» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасады.